Батыс Қазақстан облысының патрульдік полиция қызметкерлері 26 қарашада Орал – Ақтөбе тасжолында көлік ішінде есінен танып қалған қызды Орал қаласындағы ауруханаға жеткізді. Қазір оның жағдайы тұрақты, ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі хабарлады.
Сол күні өңірге алғашқы қар түсіп, жол беті көктайғаққа айналды. Барбастау ауылының тұсында патрульге Chevrolet Cobalt көлігінің жүргізушісі жүгініп, салонда ес-түссіз жатқан қыз бар екенін айтты. Жедел жәрдем шақырылған еді, бірақ ауа райының қолайсыздығынан бригада тез жете алмады, ал тайғақ жолмен ауруханаға өздері жету мүмкін болмады.
Полицейлер Сағындык Умбаев пен Аңсар Маратов қызды қызметтік көлікке жатқызып, қасында еріп жүрген ауыл фельдшерімен бірге Орал қаласындағы медициналық мекемеге жеткізді. Онда науқас дәрігерлерге тапсырылды.



