Жамбыл облысының Шу қаласында туыстарының айтуынша бұрынғы азаматтық күйеуі ұрып-соққан әйел ауруханада көз жұмды. Күдікті – 40 жастағы ер адам ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаменті хабарлады. Әйелдің қазасы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
«Күдікті – 40 жастағы ер адам – ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді полиция. Тергеуді облыстық полиция департаментінің тергеу басқармасы жүргізуде, іс департамент бастығының ерекше бақылауында.
Әйелдің қайтыс болғанын «НеМолчи.kz» қоры да хабарлады. «Анасы қайтыс болды. Қыздар жаңа ғана жазды: олар ауруханадан келіп, үйге кіре бергенде медиктер қоңырау шалып, аналарының көз жұмғанын айтыпты», – делінген қордың хабарламасында.
1976 жылы туған әйел 24 қарашада Шу көпбейінді орталық аудандық ауруханасына комада жеткізілген. Қордың дерегінше, оның басы ауыр затпен соғылып, ауыр бас жарақатын алған, миы шайқалған, денесінде көптеген гематома, бетінде соққы іздері болған. Қызының айтуынша, 23 қарашада таңертең бұрынғы азаматтық күйеуі анасын өз үйінде ұрып-соққан, содан кейін әйел есінен танған. Ер адам жедел жәрдемді тек 10 сағаттан кейін шақырған: ол мұны әйел ұйықтап жатыр деп ойлағанымен түсіндірген, ал жауап алу кезінде әйел өзі бес рет қатарынан құлады деп мәлімдеген.
Бұл оқиға туралы алғаш 24 қарашада қордың негізін қалаушы Дина Тансари өзінің Telegram-арнасында жазды:
Қордың дерегінше, таңғы сағат 7:30 шамасында үйге бір жасөспірім кірген, күдікті оны дүкенге жұмсаған. Жасөспірім оралғанда ас үйдің еденінде қан жатқанын көріп, әйелдің жағдайын сұраған, бірақ «ұйықтап жатыр» деген жауап естіген. Қордың мәлімдеуінше, ол кетпек болғанда ер адам оны қорқыта бастаған, жасөспірім үйден қашып шыққан. Сондай-ақ отбасы Шу полициясына шағымданды: туыстарының айтуынша, оқиға орнына келген учаскелік полиция инспекторы үйдегі қанды көрсе де, оны тіркемеген, сондықтан олар прокуратураға шағым түсірген.
Қор бұл оқиғаны бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевтың ісімен салыстырды: ол 2024 жылы әйелі Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін 24 жылға сотталған. «Бишімбаев ісі тағы қайталанып жатыр, бұл енді жанр классикасы ма?» – деп жазды Тансари. Сол істен кейін Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жаза қатаңдатылды, зардап шеккендер қайда жүгіну керегі туралы бөлек жаздық.



