Оралда қалалық көпбейінді ауруханада босану кезінде нәресте қыз шетінеді. Босанған әйелдің туыстары дәрігерлерді немқұрайлылыққа айыптап отыр, ал Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, олардың уәжін тексеріп жатыр. Бұл туралы «Мой город» басылымы хабарлады.
«Тергеу барысы департамент басшылығы мен прокуратураның бақылауында. Оның нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес іс жүргізу шешімі қабылданады. Өзге ақпарат ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді», – деп жауап берді БҚО полиция департаменті.
Нәрестенің әжесі Галина Махлееваның айтуынша, отбасы бұл баланы 12 жыл күткен. Туыстарының сөзінше, жүктілікке дейін-ақ мамандар оның қызына кесар тілігі арқылы босануды ұсынған. 34-аптада босанушыға қант диабеті диагнозы қойылып, ол инсулин қабылдаған, қан қысымы да мазалаған, ал бала ірі болған: туыстарының айтуынша, салмағы 5,2 кг, бойы 63 см. 16 қарашада, жүктіліктің 39-аптасында, әйел ауруханаға жатқызылған, бірақ отбасының айтуынша, ЖРВИ емделуіне байланысты босану кейінге шегерілген.
Туыстарының айтуынша, 20 қарашада әйелдің қатты ауыруы басталған. Келесі күні жатыр мойны жеткілікті ашылмағандықтан, оны босану бөлмесіне ауыстырмаған, бірақ толғақты күшейтетін дәрі енгізе бастаған. 22 қарашада таңертең оны босану бөлмесіне түсірген. «Бала көзі ашық күйінде туды, бірақ оны тартып шығарғанда, ол дем алмай қалған еді. Олар оны реанимациялай бастады, бірақ тым кеш болды», – дейді Галина Махлеева. «Ол дәрігерлерден кесар тілігін жасауды сұрады, бірақ жасамады», – деп қосты ол. Туыстары бала босану кезінде жарақат алуы мүмкін деп болжайды, ал өлім туралы куәлікте өлі туу деп көрсетілген. Отбасы медицина қызметкерлерінің әрекетіне баға беріп, кінәлілерді жауапқа тартуды талап етіп отыр.
Денсаулық сақтау басқармасы пациенттің 16 қарашадан бастап жүкті әйелдер патологиясы бөлімшесінде жатқанын, 22 қарашада оның табиғи жолмен толғағы басталғанын, босануды неонатолог дәрігердің қатысуымен акушер-гинекологтар қабылдағанын хабарлады. «Медициналық көмек қолданыстағы клиникалық хаттамаларға сәйкес көрсетілді. Босану кезінде асқыну пайда болды. Медициналық бригада баланың дүниеге келуін қамтамасыз ету үшін қажетті шұғыл шараларды дереу қабылдады», – делінген ведомство жауабында. Басқарманың дерегінше, сағат 16:00-де мерзіміне жеткен қыз бала тіршілік белгісінсіз дүниеге келген, неонатолог реанимация жүргізген, бірақ нәрестені құтқару мүмкін болмаған.



