Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген боксшы Саят Ілиясовқа Қазақстан азаматтығын беру туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы спортшының бапкері Ердос Жаңабергенов журналист Аслан Каженовқа берген сұхбатында айтты. Енді Ілиясов халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан толыққанды шыға алады.
Жаңабергеновтің айтуынша, Президенттің жарлыққа қол қойғаны туралы жаңалықты естісімен олар бірден көші-қон полициясына барып, боксшының барлық құжатын тапсырған. Бапкер «қандас бауырларымызға» жылдам көмек көрсеткендердің бәріне алғыс айтып, Саяттың үлгісін көріп, шетелдегі мықты қазақ бауырларымыз да елге келіп, Қазақстан намысын қорғайтынына сенім білдірді.
Бапкердің мәлімдемесі бар бейнені Аслан Каженов Туризм және спорт министрлігімен бірге жариялады:
Паспортты боксшы әзірге қолына алған жоқ. Қазір Ілиясов Түркістан облысындағы «Алматау» базасында Қазақстан құрамасымен бірге жаттығып, команданың Ташкенттегі Әлем кубогының финалдық кезеңіне дайындалуына көмектесіп жүр. Жаңабергеновтің сөзінше, Саят жарыстан оралған соң құжаттарға өзі қол қойып, суретке түседі, содан кейін олар Жаңа жылға дейін көк паспортты алуды жоспарлап отыр.
Ілиясов Өзбекстан құрамасы сапында жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері (2022), құрлық біріншілігінің күміс жүлдегері (2023), 22 жасқа дейінгілер арасындағы Азия чемпионы (2025) атанып, IBA әлем чемпионатына (2025) қатысқан. Ол тарихи отанының намысын қорғау үшін Қазақстанға қаңтар айының соңында көшіп келгенімен, азаматтық рәсімдеуде қиындыққа тап болды. Сол себепті қарашада ол көшіп келгеннен бері дайындалған Қазақстан чемпионатын өткізіп алуға мәжбүр болды.



