Алматыда Шымкенттен әскерге шақырылған десантшы Давид Кастеллино әскери ант қабылдағаннан кейін бірден сүйіктісі Анастасияға үйленуге ұсыныс жасады. Бұл туралы 21 қарашада Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Министрліктің дерегінше, әскери антты Арнайы операциялар күштерінің, Десанттық-шабуылдау әскерлерінің және Әскери-теңіз күштерінің 1500-ден астам әскери қызметшісі қабылдады. Тек Десанттық-шабуылдау әскерлерінде Қонаев, Талдықорған және Алматы гарнизондарының 1300-ден астам сарбазы ант берді. Салтанатты рәсімге сарбаздардың туған-туыстары мен жақындары, ардагерлер және қолбасшылық өкілдері қатысты. «Бүгін әрқайсыңыз әскери борышты абыроймен атқаруға, Отанға адал болуға және оның мүддесін қорғауға ант бердіңіздер. Әскери анттың шынайы құндылығы, ең алдымен, күнделікті іс-әрекетте, тәртіп пен жауапкершілікте және қарулас жолдасыңа қолдау көрсетуге әрдайым дайын тұруда көрініс табады», — деді Десанттық-шабуылдау әскерлері қолбасшысының орынбасары полковник Раджан Жанысов.
Ақмола гарнизонында да жүрек тебірентер сәт болды. Мұнда Ақмола облысы Қараөткел ауылының тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Балбақыт Исмағұлованың үшінші немересі Қалижан Айтмағамбет ант қабылдады. «Барлық ұлдарым әскер қатарында борышын өтеген, енді олардың жолын немерелерім жалғастырып келеді. Үлкен немерем Сарыөзек гарнизонында қызмет етіп, кейін сонда келісімшарт бойынша қалды. Бұл әскери бөлімге осымен екінші рет келіп тұрмын. Былтыр мұнда екінші немерем ант қабылдаса, бүгін міне үшінші немерем Отан алдында серт берді», — деді ол.
Ақтау гарнизонында Маңғыстау, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақырылған 180-ге жуық жас сарбаз ант қабылдап, хормен «Ана» әнін орындады. Матрос Даниял Маратов отбасылық дәстүрді жалғастырды: «Әкем 25 жылдан бері Әскери-теңіз күштерінің қатарында қызмет етіп келеді. Мен де әке жолын жалғастыруды ұйғардым. Оның сенімін ақтап, әскери борышымды абыроймен өтеуге бар күшімді саламын».
Қорғаныс министрлігі салтанатты рәсімдердің суреттерін өзінің Telegram-арнасында жариялады:
Sarbaz+ әскери бағдарламасының алғашқы түлектері запасқа IT-сертификаттармен қалай шыққаны туралы airpress.kz бұрын жазған.



