Алматыдағы «Атакент» саябағында полиция серуендеушілердің арасымен электросамокатпен жүйткіген жасөспірімдерге қарсы рейд өткізді. Рейдке қала тұрғындарының бірнеше рет түскен шағымы себеп болды: олардың айтуынша, кейбір жылдамдық әуесқойлары саябақ аумағында сағатына 80 шақырымнан асырып жүреді, деп хабарлады Алматы қаласының Полиция департаменті.
Рейд кезінде электросамокат пен басқа да электр көлігін мінген жасөспірімдер полицейлердің тоқтау туралы талабына бағынбай, келушілердің арасымен қауіпті жүрісін жалғастырды. Тәртіп бұзғандардың бірі 12 жастағы жасөспірім болып шықты: онымен заңды өкілінің қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді, ал ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Саябақтағы қуғынның видеосын Алматы полициясы Instagram-да жариялады.
Полиция ата-аналарды балалардың бос уақытын қалай өткізетінін қадағалап, қайғылы жағдайға соқтыруы мүмкін қауіпті жүрістерге жол бермеуге шақырды.
20 қарашадан бастап Қазақстанда жол жүрісі қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Оларға сәйкес электросамокатпен тротуармен жүруге болмайды: велосипед жолдарымен және велосипед жолақтарымен, ал олар жоқ болса, жолдың оң жақ шетімен бір қатармен немесе жол жиегімен жүру керек. Сипаттамасы мопедке сәйкес келетін электр велосипедтерін енді полицияда тіркеу қажет, ал мұндай көлікті тек жүргізуші куәлігі бар адам ғана басқара алады.



