Ақмола облысы Қосшы қаласының мұғалімі TikTok-тағы жарнама арқылы 25 млн теңге несие рәсімдемек болып, 1,6 млн теңгеден астам ақшасынан айырылды, деп хабарлады Ақмола облысы полиция департаменті.
Барлығы TikTok лентасындағы хабарландырудан басталды: оның авторлары қазақстандық банктердің бірінен ірі несие алуға көмектесуді ұсынған. Әйел «компания өкілімен» WhatsApp арқылы байланысқа шықты. Өзін қаржылық кеңесші деп таныстырған адам несие алу үшін алдымен үш жылға бөліп төлеу рәсімдеу керек екенін айтты. Көп ұзамай оған 1,8 млн теңгеге бөліп төлеу мақұлданды.
Кейін мұғалімнің жұбайының телефонына бірнеше QR-код келді. Әйел жіберілген нұсқаулық бойынша оларды пайдаланған соң, шотынан 1 644 650 теңге шешілді. Алаяқ несие берілгені туралы хабарлама жақында келеді деп уәде етті, бірақ ол ешқашан келмеді. Алданғанын түсінген мұғалім полицияға жүгінді.
Полицейлер ақшаның алматылық кәсіпкер әйелге тиесілі ЖК шотына аударылғанын анықтады. «ЖК иесі кездейсоқ дроппер болды ма, әлде алаяқтық схеманы білді ме, оны тергеу анықтап жатыр», — деді полицияда. Дроппер деп ұрланған ақша шоты арқылы өткізілетін адамдарды атайды.
Полиция әлеуметтік желілердегі жарнамаға, әсіресе ірі несиені тез рәсімдеп беруді уәде ететін хабарландыруларға сақ болуға шақырады. «Күмәнді сілтемелерге өтуге, QR-кодтарды сканерлеуге және бейтаныс адамдардың нұсқауымен қаржылық операциялар жасауға болмайды», — деп ескертті ведомство.



