Словакияның Тренчин қаласындағы сот жергілікті тұрғынды ұрлап әкетті деп айыпталған студенттерді қамауға алмады: тергеу нұсқасы бойынша, жастар өздерін полиция қызметкері етіп көрсеткен. Айыпталушылардың арасында Қазақстанның үш азаматы бар. Судья шешімді 21 қарашада кешке шығарды, деп хабарлайды Словакияның TN Live телеарнасы.
Прокурор бұл шешіммен келіспей, бірден шағым түсірді. Оны өлкелік сот 26 қарашада, бейсенбі күні қарайды, оған дейін студенттер бостандықта болады. Олардың ешқайсысы кінәсін мойындамаған. Журналистердің айтуынша, жастар сот ғимаратынан көңілді шықты, бірақ баспасөзге пікір білдірмеді.
«Сот қашып кету қаупіне байланысты да, алдын ала сақтандыру мақсатында да қамауға алуға негіз таппады», — деді қазақстандық студенттердің бірінің адвокаты Бурай. Қорғау тарабы айыптауды ойдан шығарылған деп санайды. «Тергеу мүлдем сенімсіз, оның үстіне есірткі тұтынатын куәгердің айғақтарына сүйеніп тұр», — деді ол. Екінші адвокат Доминик Шкогел: «Біз бұл процесті, соның ішінде тергеу тұрғысынан да, өте проблемалы деп санаймыз», — деп қосты. Тренчин полициясы толық мәлімет бермей отыр: «Бұл іс бойынша басқа да қажетті процестік әрекеттер жүргізіліп жатыр, сондықтан толық ақпарат беру мүмкін емес», — деді полиция өкілі Петра Кленкова.
Тергеу нұсқасы бойынша, қара киім киіп, балаклава таққан бес жас Тренчиндегі қарт әйелдің үйіне келіп, оның немересін іздеген. Екеуінің киімінде NAKA деген жазу болған — Словакияның Қылмысқа қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі осылай аталады. Олар үйді тінтіп, ер адамды тауып алған, оны ұрып-соғып, алып кеткен. Әже «полицейлердің» әрекетіне шағымдану үшін полицияға барғанда, олардың нағыз полиция емес екені анықталған. TN Live мәліметінше, ер адам айыпталушылардың бірінен 700 еуроға жуық (шамамен 349 мың теңге) ақша ұрлаған көрінеді, ал жастар сол ақшаны қайтарып алмақ болған. «Бұл қорқынышты сезім, осыдан күйзеліп жүрмін. Әлім мүлдем құрыды. Ұлым науқас, ол да бізді өлтіріп кете ме деп қорқады», — деді әйел телеарнаға.
Студенттерге топ болып жасалған қорқытып алу мақсатындағы адам ұрлау бойынша айып тағылды — Словакияда бұл аса ауыр қылмыс саналады. Кінәсі дәлелденсе, оларға 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру қаупі төнеді. Айыпталушылар 18 бен 21 жас аралығында. Александр Дубчек атындағы Тренчин университетінде оқитын үш қазақстандықтан бөлек, Бановце-над-Бебравоу қаласындағы гимназия оқушысына да айып тағылды. Болжамды бесінші қатысушы қашып кеткен. Университет ректоры Йозеф Габаник ақпарат расталса, студенттер тәртіптік ережеге сәйкес дереу оқудан шығарылатынын айтты.
Қазақстан СІМ ұстау фактісін растады, бірақ азаматтардың басқа санын атады. «СІМ-ге Словакия Республикасында Қазақстанның төрт азаматының ұсталғаны белгілі. Азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр, олардың туыстарымен байланыс орнатылды. Жағдай министрліктің бақылауында», — деп хабарлады ведомство Tengrinews-ке.
TN Live телеарнасының Тренчинде студенттерді ұстау туралы репортажы — оның Instagram-дағы жарияланымында:



