Қарағандыда полиция қызметкерлері қарт жолаушыны сөмкелерімен бірге тура жүру бөлігіне шығарып тастаған №145 автобустың жүргізушісін ұстады. Сот шешім шығарғанға дейін 40 жастағы ер адам уақытша ұстау бөлмесінде отыр, деп Қарағанды облысы полиция департаменті хабарлады.
Полицейлер жүргізушінің жеке басын анықтап, оны бөлімге жеткізді. Жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережесін бұзғаны үшін оған 21 625 теңге айыппұл салынды. Әкімшілік материалдар сотқа жолданды, түпкілікті процестік шешімді сот қабылдайды.
Салондағы жанжал зейнеткердің жүгіне байланысты басталған. Жүргізуші ер адамнан автобустан түсуді талап етіп, кейін оның азық-түлік салынған пакеттерін жолға шығарып қойған. Қаптама жыртылып, алма мен қызанақ асфальтқа шашылды, оларды автобустың өзі және өтіп бара жатқан көліктер жаншып кетті. Бұл сәт түсірілген видео әлеуметтік желіде тарап, жұрттың ашуын туғызды.
Қоғамдық резонанстан кейін қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жүргізушінің әрекетін жол берілмейтін жағдай деп атады: ол желіден алынып, мән-жайы анықталғанға дейін жұмыстан шеттетілді, артынан жұмыстан шығарылады. №5 автобус паркі қызметтік тексеру жүргізіп, салон ішіндегі және сыртындағы камералардың жазбаларын зерттеп жатыр. Жүргізушінің өзі бұған дейін қарт кісіні қумағанын, тек жүгі тым көп болғандықтан оны алып жүруден бас тартқанын айтқан.



