Мазмұнға өту
2026 жылғы 22 қараша, жексенбі

Мексикада ФТБ ең көп іздеген он адамның бірі Чапо Исидро ұсталды

Оның қайда жүргенін хабарлағанға АҚШ Мемлекеттік департаменті 5 млн долларға дейін сыйақы уәде еткен, ал Мексикада оны АҚШ-қа экстрадициялау туралы ордер шыққан.

Мексиканские военные ведут задержанного Фаусто Исидро Меса Флореса по прозвищу Чапо Исидро
Фото: Министерство обороны Мексики

Мексиканың арнайы жасағы ФТБ ең көп іздеген он қашқынның бірі — «Чапо Исидро» лақап атымен белгілі Фаусто Исидро Меса Флоресті ұстады. Ол жергілікті уақытпен 20 қарашада кешке елдің солтүстік-батысындағы Синалоа штатының Гуасаве қаласында қолға түсті. Бұл туралы Мексика Қорғаныс министрлігі хабарлады.

Әскерилер ол жасырынған үйді білдіртпей қоршап алғанымен, оқ пен жарылысқа тап болды. Атыс түні бойы жалғасты: AP келтірген Қорғаныс министрлігінің дерегінше, жеті болжамды содыр мен мексикалық төрт әскери қаза тапты. Меса Флореспен бірге тағы екі адам — оның болжамды орынбасары «Серафин» мен топтың қаржыгері ұсталды. Үшеуі де ұшақпен Мехикоға жеткізіліп, прокуратураға тапсырылды.

Ұстаудан кейін Синалоада тәртіпсіздік басталды. Штаттың төрт ауданында жолдар жабылып, көліктер мен жанармай бекеттері өртенді, ал Гуасаведе бейсбол матчы кезінде жанкүйерлер стадионнан қашып шықты. Штат билігі тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Мексиканың қауіпсіздік министрі Омар Гарсия Харфуч әскер өңірде қала беретінін айтты. «Бұл ұстаулар — Синалоада бейбітшілікті қалпына келтіру жолындағы маңызды қадам», — деп жазды ол X желісінде.

Синалоа штатындағы Лос-Мочис маңындағы тасжолда Чапо Исидро ұсталғаннан кейін өртенген жүк көліктері
Фото: Reuters

Операция американ барлауының көмегімен жүргізілді. «ФТБ ең көп іздеген ондықтағы тағы бір қашқын енді бостандықта емес», — деді ФТБ директоры Кэш Патель. Оның айтуынша, бұл — Трамп әкімшілігі тұсында ұсталған осы тізімдегі 11-қашқын. АҚШ-та Меса Флорес 2005–2019 жылдары сыбайластарымен бірге кокаин, героин, метамфетамин және марихуана өндіріп, елге жеткізді деп айыпталады. Оған қаруға қатысты айып та тағылған. Мексикада ол ұйымдасқан қылмыс пен есірткі саудасы үшін іздеуде болған.

Меса Флорес 44 жаста, Гуасаведе туған. Лақап аты ұқсас болғанымен, ол Хоакин «Эль Чапо» Гусманның туысы емес. Мексика билігінің нұсқасы бойынша, ол Бельтран Лейва қылмыстық ұйымын басқарады және Синалоа картелінің бір фракциясымен байланысты. ФТБ оны ең көп іздейтін қылмыскерлер тізіміне 2025 жылғы ақпанда енгізген.

Ұстау Вашингтонның Мексика президенті Клаудия Шейнбаумға қысымы аясында өтті. Жұма күні Дональд Трамп «картельдер Мексиканы басқарып отыр» деп мәлімдеді, ал бұған дейін картельдермен құрлықта да күресуге уәде берген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз