«Өрмекші адам: Жаңа күн» (Spider-Man: Brand New Day) фильмінің 4 желтоқсанда АҚШ кинотеатрларында көрсетілетін кеңейтілген нұсқасы «Кек алушылар: Қиямет күні» фильмінен алынған бонус көрініспен аяқталады. Бұл туралы The New York Times хабарлады.
Газет дерегінше, бұл – «Кек алушылардың» өзінен қиылған эпизод, «Өрмекші адамның» жаңа нұсқасында ол фильм аяқталған соң жеке бонус ретінде көрсетіледі. Көріністе не болатыны белгісіз: Sony мен Marvel оны ресми түрде растамады, мән-жайын да ашпады. «Кек алушылар: Қиямет күні» 18 желтоқсанда, яғни «Өрмекші адам» кинотеатрларға оралғаннан екі апта өткен соң прокатқа шығады.
Фильмді қайта прокатқа шығаратынын Sony 16 қарашада жариялаған. Жаңа нұсқа Spider-Man: (Brand New) Brand New Day деп аталады және шамамен 10 минутқа ұзарған. «Рекорд жаңартқан фильм 4 желтоқсанда жаңа көріністер мен тағы бір-екі тосынсый қосылған кеңейтілген нұсқада үлкен экранға оралады», – деп жазды фильмнің X желісіндегі ресми парақшасы. Қосылған көріністердің бірі белгілі: фильмге Розарио Доусонның Marvel-дің Netflix-тегі сериалдарындағы, соның ішінде Daredevil-дегі медбике Клэр Темпл рөліндегі қиылған камеосы қайтарылды. АҚШ-та бұл сеанстарға билет 19 қарашадан бері сатылып жатыр.
Жанкүйерлер бонус көріністен жазғы премьераның басты жұмбағына жауап күтіп отыр. Түпнұсқа нұсқадағы титрден кейінгі көріністе Нед Лидстің трекері алдымен Питер Паркердің Квинсте екенін көрсетеді, содан соң Өрмекші адамның сигналын ғарыштың бір түкпірінен табады, ал экранда «Өрмекші адам оралады» деген жазу шығады. Көрермендер кейіпкерді Доктор Дум ұрлап әкеткен жоқ па деп әлі күнге дейін таласып жүр. Том Холландтың «Қиямет күніне» қатысатыны әзірге ресми расталған жоқ.
«Өрмекші адам: Жаңа күн» 31 шілдеде прокатқа шығып, әлемдік прокатта 2,524 млрд доллар (шамамен 1,16 трлн теңге) жинады. Бұл – тарихтағы кассасы ең көп үшінші фильм, ал оның АҚШ-тағы 360 млн долларлық бастауы рекорд болды. «Кек алушылар: Қиямет күнін» ағайынды Руссолар түсірді, Доктор Дум рөлін Роберт Дауни кіші сомдады. Картинаның соңғы трейлерін бір тәулікте 563 млн рет көрді, ал сарапшылар оған 270 млн долларлық рекордтық бастау болжап отыр. Жақында Marvel тағы бір ролик жариялады: онда Иэн Маккеллен сомдаған Магнето Думның бетпердесін жұлып алмақ болады, ал оның астынан тыртыққа толы бет бір сәтке көрініп қалады.



