Уэльс ханшайымы Кейт Миддлтон Манчестердегі The Christie онкологиялық ауруханасының және оны қолдайтын қайырымдылық қорының қамқоршысы болды. Бұл туралы ханзада Уильямның 44 жастағы жұбайы 27 қарашада Instagram-да жазды. Жаңалық BBC арнасы оның обырдан кейінгі өмірі туралы жеке фильмін көрсетерден екі күн бұрын жарияланды.
«The Christie NHS Foundation Trust-қа барған сапарымда ерекше қамқорлық тек емдеумен шектелмейтінін өз көзіммен көрдім. Адамдар ауыр дертке тап болғанда, ең қиын сәттерде үміт пен төзімділікті сақтауға көбіне оларды қоршаған жанашырлық, қарым-қатынас және қолдау көмектеседі. The Christie-дің адамға тұтас қамқорлық жасауға деген ұмтылысы әлемдік деңгейдегі клиникалық тәжірибемен ұштасып, оны ерекше орынға айналдырады. Қамқоршы болғаныма қуаныштымын және күн сайын пациенттер мен олардың отбасыларының өмірі үшін осыншалық маңызды іс атқаратын тамаша адамдарды қолдауды асыға күтемін», — делінген жазбада. Ханшайым оған Catherine есімінің бас әрпімен – «C» деп қол қойған.
Ханшайымның ауруханаға барған сапарынан түскен суреті бар жазбасы:
The Christie Манчестердің Уитингтон ауданында орналасқан және Еуропадағы жетекші онкологиялық орталықтардың бірі саналады. Аурухана жылына 64 мыңнан астам адамды емдейді және Ұлыбританияда алғаш болып кешенді онкологиялық орталық ретінде аккредиттеуден өткен. Оның The Christie Charity қоры емделу кезінде де, одан кейін де пациенттер мен олардың отбасыларына көмектеседі: қосымша терапияны, арт-студияны, демалыс бағын және жасөспірімдер мен жастарға арналған жеке қолдауды қаржыландырады.
Кейт The Christie-ге маусымда барған: пациенттермен кездесіп, емделу курсын аяқтағанын білдіріп қоңырау соққан науқасқа қол шапалақтаған. Кенсингтон сарайының түсіндіруінше, жаңа қамқоршылық ханшайымның онкологиялық науқастардың жолында эмоционалдық, әлеуметтік және физикалық әл-ауқат қандай рөл атқаратынына бұрыннан қызығатынын көрсетеді.
Кейт өз диагнозы туралы 2024 жылғы наурызда айтқан, ал 2025 жылғы қаңтарда ремиссия туралы хабарлап, ханзада Уильяммен бірге өзі емделген Лондондағы Royal Marsden ауруханасының қамқоршысы болған. 29 қарашада, жексенбіде, BBC оның обыр өзін қалай өзгерткені туралы жарты сағаттық «Heal» деректі фильмін көрсетеді. Премьера Гринвич бойынша сағат 18:15-те, Астана уақытымен 23:15-те басталады, ал АҚШ-та фильм 30 қарашада NBC арнасында шығады. Жарияланған үзіндіде ханшайым аурудан кейін бұрынғы өзіңе оралу қиын екенін мойындаған.



