Қазақстан Ұлттық Банкі 2027 жылға арналған базалық мөлшерлеме бойынша шешімдер кестесін бекітті: келесі жылы реттеуші экономикадағы ақшаның құнын өзгерту не өзгертпеу мәселесін сегіз рет шешеді. Шешімдер 22 қаңтарда, 12 наурызда, 23 сәуірде, 11 маусымда, 23 шілдеде, 10 қыркүйекте, 22 қазанда және 10 желтоқсанда жарияланады. Бұл туралы Ұлттық Банк хабарлады.
Шешімдерді жариялау тәртібі өзгермейді. Олар аптаның соңғы жұмыс күні Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады, ал жаңа мөлшерлеме келесі аптаның бірінші жұмыс күнінен бастап күшіне енеді. Сегіз шешімнің төртеуін Ұлттық Банк болжамды раунд қорытындысы бойынша қабылдайды: бұл кезде реттеуші макроэкономикалық болжамдарын қайта қарайды.
Екінші деңгейдегі банктердегі кредит пен депозит мөлшерлемелері базалық мөлшерлемеге тәуелді. Сондықтан отырыстар кестесі қарыз алушыларға да, салымшыларға да маңызды: жаңа қарыздың құны мен жинақтың табыстылығы дәл осы күндері өзгеруі мүмкін.
Қазір базалық мөлшерлеме жылдық 15,75% деңгейінде тұр: Ұлттық Банк оны 23 қазанда инфляцияның баяулауын ескеріп, 16,25%-дан төмендеткен. Биылғы соңғы шешімін реттеуші 4 желтоқсанда жариялайды. Ал ХВҚ миссиясы Қазақстандағы жұмысын қорытындылап, Ұлттық Банкке мөлшерлемені көтеруге кеңес берді.



