Tesla-ның жаңа AI5 чипі көліктерге орнатылмайды: оны адам тәрізді Optimus роботы алады, ал көліктер қазіргі AI4 компьютерінде қалады. Бұл туралы 22 қараша, жексенбі күні Илон Маск X желісінде жазды. Ол AI3 компьютері бар Tesla иесінің сұрағына жауап берді. Көлік иесі көлігін ауыстырмас бұрын AI5 орнатылған модельдерді күткен жөн бе деп сұраған.
«Ол Optimus-қа барады. Көліктер AI4-те қалады. Адамнан да жақсы жүргізу міндетін шешуге осы жеткілікті», — деп жауап берді Маск.
Маскітің сол жазбасы:
Сол күні жариялаған басқа жазбасында Маск қазіргі компьютердің қымбаттағанын айтты. «Жад пен жинақтағыштар бағасы өскендіктен AI4 қазір екі есе қымбат тұрады», — деп жазды ол.
Алғашқы AI5 чиптері Optimus-қа және нейрожелілерді оқытатын Tesla суперкомпьютерлеріне берілетінін Маск сәуірде-ақ айтқан еді. Сол кезде бірінші тоқсан қорытындысында ол AI4 адамнан әлдеқайда қауіпсіз автономды жүргізуді қамтамасыз ете алатынын мәлімдеді. Tesla көліктер үшін қатар аралық AI4+ компьютерін әзірлеп жатыр. Онда жад көлемі артып, есептеу қуаты сәл жоғарылайды.
Маск мұндай уәделерді бұрын да берген. Бір кездері Tesla автономды жүргізуге Hardware 3 компьютері жетеді деп сендірген. 2025 жылғы қаңтарда Маск Full Self-Driving пакетін сатып алған иелердің HW3 компьютерін ауыстыруға тура келетінін мойындады. Ал 2026 жылғы сәуірде: «Hardware 3 бақылаусыз автономды FSD-ні қамтамасыз ете алмайды», — деп ашық айтты. Tesla компьютерлерді ауыстыру мерзімін әлі күнге атаған жоқ.
Қазір Tesla автопилоттың жаңа нұсқасын шығарып жатыр: FSD v15 қарашада тарала бастады, ал Техаста рөлсіз Cybercab робот-таксилері жұмыс істейді. Маскітің айтуынша, олардың бәрі AI4-те қалады.



