Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

300 МВт-тық «Сауран» КЭС-і жыл соңына дейін желіге қосылады

Стансаны салып жатқан қытайлық Energy China мен Энергетика министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында бірлескен зерттеу орталығын құруға да келісті.

Министр энергетики Казахстана Ерлан Аккенженов на переговорах с руководством Energy China
Фото: Министерство энергетики РК

Түркістан облысындағы қуаты 300 МВт «Сауран» күн электр стансасын мерзімінен бұрын — 2026 жылдың соңына дейін желіге қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы China Energy Engineering Group (Energy China) қытай корпорациясы Қытайда жұмыс сапарымен жүрген Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженовпен келіссөзде мәлімдеді, деп хабарлайды ҚР Энергетика министрлігі. Екінші бірлескен жоба — Қарағанды облысындағы 500 МВт-тық жел электр стансасы бойынша тараптар құрылысқа тезірек кірісу үшін инвестициялық келісімнің жекелеген шарттарын пысықтап жатыр.

Энергетика министрлігі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында бірлескен зерттеу орталығын құру ұсынысын қолдады. Орталықта ірі инженерлік жобалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеу, энергия жүйесін цифрландыру және салалық деректер базаларын қалыптастыру үшін Energy China жобалау институттарының тәжірибесін пайдалану көзделген. Сутек энергетикасы да бөлек талқыланды: ҚазҰУ-да Қазақстандағы сутек өндіретін алғашқы қондырғы іс жүзінде іске қосылған.

Келіссөздің тағы бір тақырыбы — Екібастұз — Балқаш бағыты бойынша қуаты 2 ГВт тұрақты ток электр беру желісін салу. Министрліктің мәліметінше, қазақстандық тарап есептеулерді жүргізіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындап қойған.

Тараптар өнеркәсіптік энергия жинақтау жүйелерін де талқылады. Олар үшін негізгі қосалқы стансалар мен қосылу нүктелері анықталған, ал инвестицияны қайтару тетігін бекітетін энергия жинақтағыштар туралы заң жобасы бірінші оқылымнан өтті. Қазақстан мен Energy China бұл саладағы бірлескен жобаларды түзетулер қабылданғаннан кейін пысықтауға дайын.

Ақкенженовтің айтуынша, қытайлық корпорациямен ынтымақтастық жекелеген нысандар салудан бірлескен ғылыми жұмыс пен желілерді дамытуды жоспарлауға ауысып келеді, бұл ел энергия жүйесінің сенімділігін арттыруға тиіс. Қазақстан жаңартылатын энергетика қуатын арттыруды жалғастырып жатыр: биыл елде 92 МВт-тық бес күн электр стансасы іске қосылады, ал Энергетика министрлігінің дерегінше, электр энергиясын өндірудегі ЖЭК үлесі 8,5%-ға жетті.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз