Қазақстанда әлеуметтік төлем алатын 900-ден астам адам eGov.kz порталы мен eGov Mobile қосымшасындағы «Әлеуметтік төлемдерден ерікті түрде бас тарту» сервисі арқылы мемлекеттік қолдаудан өз еркімен бас тартты, деп хабарлады Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі. Ведомство бұл адамдардың кім екенін зерделеді: олардың көбі — тұрақты бизнесі, жоғары табысы, бірнеше пәтері, үйі мен көлігі бар, отбасылық бюджетінде жәрдемақы елеулі рөл атқармайтын отбасылар.
Ең айқын мысал — төрт кәмелетке толмаған бала өсіп жатқан, елдің батысындағы алты адамнан тұратын отбасы. Оның ресми табысы айына 3,8 млн теңгеден асады, яғни әр адамға 636 мың теңгеден артық келеді. Отбасында бірнеше тұрғын үй, жер телімі және көліктер бар. Орталық өңірдегі тағы бір отбасы — жеті адам, оның бесеуі бала — айына 2,3 млн теңгеден астам табыс табады, өз ісін жүргізеді, элиталық баспанасы, жер телімдері, жеңіл және коммерциялық көліктері бар. Оңтүстік өңірдегі отбасының мүшелері жалдамалы жұмыс істейді әрі кәсіппен айналысады, оларда да бірнеше пәтер мен жер телімі бар.
Министрлік мұндай қадамды ауқатты азаматтардың жеке әлеуметтік жауапкершілігі деп бағалайды. «Мұндай шешімдер мемлекеттік қолдауды оған көбірек мұқтаж адамдарға бағыттауға көмектеседі», — деп атап өтті Еңбекминде.
Жәрдемақы алушылар үшін маңыздысы: бас тарту — тек өз еркіндегі шешім және ол мәңгілікке емес. Табыс азайса немесе отбасы жағдайы өзгерсе, жәрдемақыға әдеттегі тәртіппен қайта өтініш беруге болады. Бас тартуды тек eGov Mobile-да немесе eGov.kz-те ресімдеуге болады: жүйеге кіріп, алатын төлемдер тізімінен қажеттісін таңдап, өтінішке қол қою керек, ал расталғанға дейін өтінішті қайтарып алуға болады. Еңбекмині SMS пен мессенджерлерде «төлемнен бас тарту» үшін сілтеме жібермейді, сондықтан тек ресми ресурстарға сенген жөн.
Сервис 2026 жылдың қазанында іске қосылды: алғашқы апталарда оны 729 адам, кейін 831 адам пайдаланған. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап жәрдемақының бір бөлігі атаулы түрде, тек мұқтаж отбасыларға төленеді. Олардың қатарында бала тууға, бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне арналған және көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақылар бар. Қазірдің өзінде алушылардың ауқатты отбасы мәртебесі тексеріліп жатыр. Бір күн бұрын, 25 қарашада, Еңбекмині әлеуметтік жәрдемақылар тоқтатылады деген ақпаратты да жоққа шығарды.



