Британдық Duran Duran тобының ең атақты хиттері шыққан жылдардағы гитаристі Энди Тейлор 65 жасында дүниеден өтті. Музыкант 23 қарашада, дүйсенбі күні өз үйінде, отбасының ортасында қайтыс болды, өлімге қуық асты безінің қатерлі ісігі себеп болған. Тейлордың қайтыс болғаны туралы сәрсенбі күні жұбайы Трейси хабарлады, отбасының мәлімдемесін Variety жариялады.
«Әлем үшін Энди керемет гитарист болды, ал біз үшін ол ең ғажайып жұбай, мейірімді әке және немерелерін ерекше мақтан тұтатын ата еді. Ол біздің отбасымыздың тірегі болды. Музыка оған қаншама керемет әсер сыйласа да, ол үшін әрқашан отбасы бірінші орында тұрды. Бәріміздің бірге болғанымыздан артық оны ешнәрсе бақытты ете алмайтын, музыка оны қаншалықты алысқа апарса да, оның жүрегі әрқашан үйде болды», — делінген мәлімдемеде.
Duran Duran тобындағы бұрынғы әріптестері де гитаристпен қоштасты: «Энди біздің тарихымыздың ең басынан бірге болды. Ол солтүстік-шығыстан Бирмингемге қолында гитарасымен және біздің кім бола алатынымызға деген мызғымас сеніммен келген сәттен бастап біздің музыкамызға өшпес от пен батылдық әкелді. Оның ойыны бізді бүкіл әлемге алып шыққан әндерді алға сүйреді, ал таңғаларлық сентиментальдықтан ада, байсалды өмірлік көзқарасымен ғана теңесе алатын сабырлы әзілімен ол бізді жерден аяқ үзгізбей, кейінгі ерекше жылдар бойы топқа өткірлік берді».
Тейлорға 2018 жылы метастаздары бар төртінші сатыдағы простата обыры анықталды. 2022 жылғы қарашада денсаулығы нашарлағандықтан ол Duran Duran-ның Рок-н-ролл даңқ залына енгізілу рәсіміне бара алмады — сол кезде топ мүшелері оның хатын оқып берді. Ауруына қарамастан музыкант жұмысын жалғастырды: 2023 жылы ол Duran Duran-мен бірге Danse Macabre альбомын жазып, Man’s a Wolf to Man атты жеке пластинкасын шығарды.
Тейлор Duran Duran-ға 1980 жылы келді: Нортумберлендтен шыққан 19 жастағы гитарист Melody Maker журналындағы хабарландыруға жауап берген. Онымен бірге топ Girls on Film, Rio, Hungry Like the Wolf, The Reflex және The Wild Boys хиттерін шығарып, MTV дәуірінің басты жұлдыздарының біріне айналды. Hungry Like the Wolf клипі — топтың ресми арнасында.
1985 жылы Энди Тейлор топтың бас-гитаристі Джон Тейлормен (олар туыс емес) бірге әнші Роберт Палмерді қосып, The Power Station супертобын құрды, ал 1986 жылы Duran Duran-нан кетті. Кейін ол Род Стюартпен бірге өнер көрсетті, 2000 жылдары топқа бірнеше жылға оралып, 2006 жылы оны біржола тастап кетті. Музыканттың артында жұбайы Трейси мен төрт баласы қалды.



