Брэд Питт пен Анджелина Джоли француздық Château Miraval шарап зауыты жөніндегі көп жылғы дауды реттеді. Бұрынғы ерлі-зайыптылар 25 қарашада, сәрсенбі күні бір-біріне қарсы талаптарын қайтарып алу туралы өтініш берді. Бұл туралы олардың өкілдері Daily Mail басылымына хабарлады. Келесі жылдың басында Лос-Анджелесте басталуы тиіс болған шулы сот процесі енді өтпейді.
Бітімгершілік келісімнің шарттары жария етілмейді. Есесіне актерлер сирек кездесетін бірлескен мәлімдеме жасады: «Біз отбасымыздың мүддесі үшін дауды соттан тыс реттедік және бұдан әрі пікір білдірмейміз. БАҚ жарияланымдарында „дереккөздерге“ телінетін кез келген пікір шын мәнінде біздің ешқайсымыздан да, бізге жақын адамдардың ешқайсысынан да шықпайды».
Жұп оңтүстік Франциядағы Коранс елді мекенінде орналасқан шамамен 1200 акр жерді алып жатқан сарайды 2008 жылы шамамен 28,4 млн долларға (13 млрд теңгедей) сатып алған. 2014 жылғы тамызда Питт пен Джоли үйлену тойын сол жерде өткізді. 2021 жылға қарай шарап зауыты 164 млн долларға, яғни 75 млрд теңгедей бағаланған.

Дау 2021 жылы Джоли өз үлесін Tenute del Mondo компаниясына — кәсіпкер Юрий Шефлерге тиесілі Stoli Group-тың шарап бөлімшесіне сатқаннан кейін басталды. Daily Mail дерегінше, мәміле 64 млн доллар (29 млрд теңгедей) болған. 2022 жылы Питт сотқа жүгінді: оның айтуынша, ерлі-зайыптылар үлестерін бір-бірінің келісімінсіз сатпауға уағдаласқан. Джоли қарсы талап арызбен жауап берді. Оның заңгерлерінің нұсқасы бойынша, үлесті Питттің өзіне сату туралы келіссөз оның құпияны жария етпеу туралы келісімге қол қоюды талап етуіне байланысты үзілген: бұл құжат Джолиге болжамды зорлық-зомбылық туралы көпшілік алдында айтуға тыйым салар еді.
Джоли дәл осы іс аясында 2016 жылғы қыркүйекте жеке ұшақ бортында болған жанжалды егжей-тегжейлі сипаттады. Оның айтуынша, Питт өзіне де, балаларына да физикалық және эмоционалдық тұрғыда қатыгездік көрсеткен. Актер айыптауларды жоққа шығарды, оған қылмыстық айып тағылған жоқ. Сол ұшудан бірнеше күн өткен соң Джоли ажырасуға арыз берді, ал бұрынғы ерлі-зайыптылар ажырасуды тек 2024 жылғы желтоқсанда түпкілікті рәсімдеді.
Бітімгершілік келісім Питт пен Джолидің бір-біріне қойған талаптарына ғана қатысты. Hello! журналы нақтылағандай, актердің Юрий Шефлер мен оның компаниясына қарсы талап арызы әлі қаралып жатыр.
Питт пен Джоли «Мистер және миссис Смит» фильмінің түсірілімінде танысып, 2014 жылы үйленді, екі жылдан соң ажырасты. Олардың алты баласы бар: Мэддокс (25 жаста), Пакс (22), Захара (21), Шайло (20) және 18 жастағы егіздер Нокс пен Вивьен. Daily Mail дерегінше, Питт балаларының ешқайсысымен араласпайды, ал олардың төртеуі әкесінің тегінен ресми түрде бас тартқан. Таблоидтар актердің балаларымен татуласуға үміттенетінін жазған болатын. Жақында 62 жастағы Питт тұмауға шалдығып, жаңа фильмінің — Дэвид Финчердің каскадер Клифф Бут туралы картинасының Лондондағы премьерасына бармады.



