20 қарашада Ормуз бұғазынан шығар жерде, Оманның Хасаб портынан солтүстікке қарай шамамен 8 теңіз милі қашықтықта мұнай танкері өртенді. Ұлыбританияның теңіз қауіпсіздігі агенттігі UKMTO хабарлауынша, зардап шеккендер жоқ, мұнай да төгілмеген.
Өрттің себебі туралы екі түрлі нұсқа бар. UKMTO дерегінше, Гринвич уақытымен шамамен сағат 15:00-де (Астана уақытымен 20:00-де) бұғаздан шығып келе жатқан танкердің сол жақ бортына «белгісіз снаряд» тиіп, кемеде өрт шыққан. Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) IRIB мемлекеттік телерадиосы арқылы кеме Хасаб портының кіреберісінде теңіз миналарына соғылғанын мәлімдеді. ИРСК-ның айтуынша, танкер «АҚШ армиясының қолдауымен рұқсат етілмеген бағытпен» жүрген. «Ормуз бұғазы мен Парсы шығанағындағы кез келген тәртіп бұзушы кеменің қозғалысы бізден жасырын емес», — делінген ИРСК мәлімдемесінде. Танкердің атауы мен туы айтылмады. UKMTO маңайдағы кемелерді сақ болуға шақырды.
ИРСК нұсқасы бойынша, бұл — екі күнде минаға соғылған үшінші танкер: 19 қарашада Иран бұғазда тағы екі кемеде жарылыс болғанын хабарлаған. Iran International келтірген UKMTO деректеріне қарағанда, қараша айының ортасында Ормуз арқылы кеме қатынасы соғысқа дейінгі деңгейден 65%-ға төмен болған.
Соғысты тоқтату туралы келіссөздер де бір орында тұр. Дональд Трамп 20 қарашада Ақ үйдегі баспасөз мәслихатында Иран келісімге келгісі келетінін, бірақ АҚШ-қа қолайлы шарттармен емес екенін айтты. «Біз жалған емес, нақты келісім жасағымыз келеді», — деді ол. Бұл туралы Al Jazeera хабарлайды. 21 қарашаға қараған түні Сауд Арабиясы бастаған коалиция Йемен хуситтері Эр-Риядқа атқан үш зымыранды ұстап қалғанын мәлімдеді — Сауд астанасында қатарынан үшінші түн дабыл жарияланды. Бұған дейін коалиция Ходейда портына соққы берген, ал хуситтер Жиддаға қатер төндірген.
Қазақстан үшін бұғаздағы жағдай мұнай бағасы арқылы маңызды: елдің экспорттан түсетін табысы соған байланысты. Ормуз маңындағы танкерлерге шабуылдар қараша айының ортасында Brent бағасын 93 долларға дейін көтерген еді.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы соғысты 28 ақпанда бастады, содан кейін Тегеран Ормуз бұғазын іс жүзінде жауып тастады — соғысқа дейін әлемдегі мұнайдың бестен біріне жуығы осы бұғаз арқылы тасымалданатын. Маусымда Вашингтон мен Тегеран меморандумға қол қойып, келіссөз бастады, бірақ бұғаздағы еркін кеме қатынасы жөніндегі дау салдарынан олар тоқтап қалды. Шілдеден бері ұрыстар анда-санда қайта басталып отыр.



