Binance криптобиржасы қазан айының соңындағы рекордтық бұзудан кейін енгізген қаражат шығару шектеулерін толық алып тастады. Бұл туралы компания 26 қарашада мәлімдеді. «Қаражат шығаруды қалпына келтіру жөніндегі жұмысымыз аяқталды, қазандағы қауіпсіздік инцидентінен кейін енгізілген қаражат шығаруды тоқтата тұру толық алынды», – делінген биржа мәлімдемесінде.
Әзірге бірнеше блокчейн-желі ғана ерекшелік болып отыр: оларда техникалық қызмет көрсету немесе жоспарлы жаңарту жүргізіліп жатқандықтан, қаражат шығару уақытша тоқтатылған. «Бұл әдеттегі трафиктің өте аз пайызына әсер етеді», – деп нақтылады Binance және бұл үзілістердің шабуылдан кейінгі қалпына келтіру жұмысына қатысы жоқ екенін атап өтті. Биржа сондай-ақ клиенттердің барлық активі толық қамтамасыз етілгенін айтты: мұны биржаның резервтерді растау (Proof of Reserves) бетінен тексеруге болады, онда қамтамасыз ету кемінде 1:1 болуы тиіс.
Binance мұндай оқиғаларды пайдаланатын алаяқтар туралы да ескертті. Биржа ешқашан құпиясөзді, екі факторлы қорғаныс кодын немесе сид-фразаны – әмиянды қалпына келтіруге арналған құпия сөздер жиынын сұрамайды. Сондай-ақ ол клиенттерге «қаражат шығаруды жеделдету», «басым тәртіппен өңдеу» ұсыну немесе активтерді «Binance қоймасына» аудару үшін хабарласпайды.
Қазақстанда биржаның жергілікті алаңы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) лицензиясы бар Binance Kazakhstan жұмыс істейді. Бұзудан кейін орталықтың реттеушісі AFSA одан түсініктеме сұрады, ал АХҚО қазақстандық пайдаланушылардың қаражаты зардап шекпегенін, клиенттердің активтері биржаның өз қаражатынан бөлек сақталатынын мәлімдеді.
Хакерлер 29 қазанда Binance-тен шамамен 6,3 млрд доллар (шамамен 2,9 трлн теңге) ұрлады – бұл криптовалюта тарихындағы ең ірі ұрлық. ФБР шабуылды Солтүстік Кореяның TraderTraitor тобымен байланыстырды, Пхеньян оған қатысы барын жоққа шығарады. Биржа қаражат шығаруды 1 қарашадан бастап кезең-кезеңімен, алдымен биткоин үшін қайта аша бастады. Алғашқы тоғыз жарым сағатта клиенттер 4,65 млрд доллар шығарып, 1,01 млрд доллар салды, қаражаттың таза ағып кетуі 3,64 млрд долларды (шамамен 1,7 трлн теңге) құрады. 14 қарашаға қарай Binance тағы 87 желіде қаражат шығаруды ашып, қалғандарында келесі аптаның соңына дейін ашуға уәде берген еді, ал жұмысты 26 қарашада аяқтады.
Биржаның айтуынша, ұрланған қаражатты Binance өз қаражатынан – қазынасынан, SAFU пайдаланушыларды қорғау қорынан және фьючерстер бойынша сақтандыру қорының бір бөлігінен 6,34 млрд доллардан астам (шамамен 2,9 трлн теңге) қаржы бөліп өтеген. SAFU қорын биржа шамамен 1 млрд долларға дейін қайта толтыруға уәде берді. АҚШ Әділет министрлігінің мәліметінше, билік пен жеке компаниялар ұрланған қаражаттың 2,7 млрд доллардан астамын (шамамен 1,24 трлн теңге) бұғаттаған, ал ведомство оның 1,2 млрд доллардан астамын тәркілеуге соттан рұқсат алған.



