АҚШ президентінің арнайы өкілі, Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер Владимир Путинді «саясат гроссмейстері» және «бейбітшілікті қалайтын» «тарихи тұлға» деп атады. Ол бұл пікірін 25 қарашада жарық көрген Politico-ға берген сұхбатында айтты.
«Әзірге Путин ұстамдылық танытып отыр: ол ядролық қару қолданбауға келісті, бұл, әрине, өте маңызды, әрі бізді мұндай ниеті жоқ екеніне сендірді», – деді Кушнер. «Адамдарға оның істегені ұнамауы мүмкін, бірақ ол – нағыз саясат гроссмейстері. Менің бағамым бойынша, ол бейбітшілікті қалап қана қоймайды, Америкамен қарым-қатынасты да өзгертуге тырысқысы келеді», – деп қосты өкіл. Кушнер Еуропаның Украинаға беріп жатқан әскери көмегін Ресейге қарсы «прокси-соғыс» деп атап, ресейлік келіссөз жүргізуші Кирилл Дмитриевті «керемет дос» деп сипаттады. Ал Владимир Зеленскийді, керісінше, Трампқа шабуыл жасады деп кінәлап, АҚШ президентіне көбірек құрмет көрсетуге шақырды.
Кушнер Кремльдің 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Украина Путиннің Валдайдағы резиденциясына шабуыл жасады-мыс, сондықтан 2026 жылдың басында келіссөздер тоқтап қалды деген сөзін де қайталады. Зеленский ол кезде бұл айыптауды «кезекті өтірік» деп атаған, ЦРУ Украинаның резиденцияға соққы бермегені туралы қорытындыға келген, ал Трамптың өзі 4 қаңтарда журналистерге: «Біз мұндай оқиға болды деп сенбейміз», – деген еді.
«Ұстамдылық» туралы сөздер Ресейдің бейбіт тұрғындарға қарсы күнделікті лаңкестігі аясында айтылды: тек 25 қарашаның өзінде Ресей әскерінің соққыларынан Украина бойынша кемінде 10 адам қаза тапты, ал сол күні кеш батқанда Ресей Киевке баллистикалық зымырандармен соққы беріп, сауда орталығын зақымдап, жеті адамды жаралады.
Кушнер арнайы өкіл Стив Уиткоффпен бірге соғысты тоқтату жөніндегі келіссөздерді жүргізіп келеді және Путинмен кемінде төрт рет кездескен. Ол басқа бір сұхбатында соғыс кезіндегі ең ірі тұтқын алмасу мерекелер алдында өтетінін, ал бітім туралы келіссөздер аумақ мәселесіне келгенде тұйыққа тірелгенін айтқан.



