Мазмұнға өту

Комышувахадағы мектепке соққы: ұшқыштарды семейлік командир басқарған

«Следствие.Инфо» журналистері 72 адамның өмірін қиған авиасоққыға қатысы бар деп ГУР атаған басқа да ресейлік әскерилерді анықтады.

Поисково-спасательная операция на месте разрушенной школы в Комышувахе
Фото: Дмитрий Смольенко / Укринформ

2 қарашада Запорожье облысындағы Комышуваха кентінің «Джерело» гимназиясына бомба тастаған тактикалық авиация тобын 36 жастағы ресейлік әскери Ярослав Бородин басқарған. Ол Семипалатинскіде, яғни қазіргі Семей қаласында туған. Мұны украиналық «Следствие.Инфо» басылымының журналистері анықтады. Гуманитарлық көмек таратылатын мектептің үйінділері астында 72 адам қаза тапты.

Журналистердің дерегінше, Бородин Ресей армиясында 14 жыл қызмет етіп келеді, Украинаға қарсы соғысқа 2023 жылдан бері қатысады. Соққы кезінде ол РФ Қарулы күштері Бас штабы авиациялық резервінің арнайы жауынгерлік тобына қарасты №5 тактикалық авиация тобына қолбасшылық еткен. Ол – Ресей азаматы, Волгоград облысындағы Октябрьский кентінде тұрады. Бұл кент шабуылға қатысқан полктердің бірі орналасқан «Мариновка» әуеайлағына жақын. Бородин үйленген, бес жасар ұлы бар.

Журналистер Kiborg жобасымен бірге Украина Қорғаныс министрлігінің Бас барлау басқармасы (ГУР) соққыдан бес күн өткен соң жариялаған тізімдегі басқа әскерилердің де суреттерін, әлеуметтік желідегі парақшаларын және өзге деректерін тапты. Барлаудың мәліметінше, шабуылды «Днепр» әскери тобы штабының оқ ату арқылы жою тобының бастығы, 42 жастағы полковник Фёдор Зубаков жоспарлаған; ол әлеуметтік желілерде әскери киіммен әйелі және балаларымен бірге Қызыл алаңда түскен суреттерін жариялайды. Тізімде ұшқыштар да бар: капитан Елисеев, капитан Дмитрий Зверев, аға лейтенанттар Родион Плотников, Никита Игнатьев пен Максим Соколенко, лейтенант Вадим Перехрест. Олардың көбі парақшаларын жауып тастаған, бірақ журналистер оларды әйелдерінің блогтары мен үйлену тойы, баланың жынысын білу кеші және отбасылық мерекелердегі суреттері арқылы тапты.

Бейбіт тұрғындар гуманитарлық көмек алып жатқан мектепке соққы беру – Ресейдің осы күзде жасаған ең ауыр әскери қылмыстарының бірі. Украина Қауіпсіздік қызметі (СБУ) журналистерге гимназия аумағына жасалған авиасоққыларды тергеп жатқанын хабарлады: ресейліктер жарты тонналық және үш тонналық ФАБ-500 және ФАБ-3000 авиабомбаларын қолданған. Запорожье облыстық прокуратурасының негізгі нұсқасы – бейбіт тұрғындар мен азаматтық нысандарға қасақана соққы беру. Әзірге ешкімге күдік жарияланған жоқ.

Бұған дейін Украина барлауы ұшқыштардың есімдерін атаған болатын. Құтқарушылар мектеп үйінділерін бірнеше күн бойы тазалады, ал Ресей әскері бір күнде үш рет құтқарушыларға дронмен соққы берді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз