Мазмұнға өту
2026 жылғы 19 қараша, бейсенбі

ҚМДБ: Бас мүфти Астана тамадаларын жинап, тойдағы бәсекені сынады

Діни басқармадағы жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп пен журналист Зейін Әліпбек те қатысты.

Верховный муфтий Наурызбай кажы Таганулы на встрече с ведущими тоев в ДУМК
Фото: ДУМК

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Астананың той жүргізушілерін жинап, Қазақстанда той өткізу мәдениеті бәсеке мен мақтанға айналып бара жатқанын айтты. Бұл кездесу туралы 18 қарашада ҚМДБ баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында тойдағы артық шығын, өзара бәсеке, орынсыз ысырап, аста-төк тамақ пен бейәдеп ойындар талқыланды. Тамадалар мен мүфтият қызметкерлерінен бөлек, әңгімеге Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Нұртөре Жүсіп пен журналист, диктор Зейін Әліпбек қатысты. Той жүргізушілері де пікір білдіріп, өз ұсыныстарын айтты, бірақ олардың нақты қандай екенін ҚМДБ көрсетпеді.

Бас мүфти бұрын тойдың не үшін жасалатынын еске салды. Оның айтуынша, ата-бабамыз той жасағанда ең алдымен туыстарды бір жерге жинап, үлкендердің батасы мен ақ тілегін алуға ұмтылған. «Тойдың сәні қымбат әншіде немесе шектен шыққан безендіруде емес, елдің бірлігі мен ақ дастарқанда болған», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Ол той жастарды тәрбиелейді деп санайды: «Тойда жастар үлкенді сыйлауды, туыстық қатынасты, ізеттілікті, бата алуды, ұлттық салт-дәстүрді көреді».

ҚМДБ міндетті ереже не тыйым енгізген жоқ — бұл той ұйымдастырушыларына айтылған үндеу. Бас мүфти той иелері мен тамадалардан той бағдарламасын тәрбиелік мазмұнмен толтыруды сұрап, бұған олардың өздері көбірек мүдделі болғанын қалайтынын жеткізді.

Діни басқарма отбасылық жиындардың қалай өтетіні туралы бірінші рет пікір айтып отырған жоқ. Бұған дейін ҚМДБ-ның «Иман» журналында жұрт тойға жиі несие алып, оны жылдар бойы өтейтіні жазылған, сондай-ақ үйлену тойындағы love story түсірілімдері мен жас жұбайлардың үлкендердің көзінше сүйісуі сыналған. Мүфтият ысырапшыл асқа қарсы екенін де айтқан, ал мешітте неке қалай қиылатыны және оның тойдан айырмашылығы туралы бөлек жаздық.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз