Тейлор Свифт Нэшвиллде өткен кантри музыкасы қауымдастығының 60-шы CMA Awards марапаттау рәсімінде 13 жылда алғаш рет өнер көрсетті. Әнші «Ойыншықтар хикаясы 5» мультфильміне жазылған I Knew It, I Knew You әні мен өзінің алғашқы кантри хиттерінің бірі Our Song әнін біріктіріп орындады. Шоу АҚШ уақытымен 18 қарашада кешке өтті, Қазақстанда оны 19 қарашада таңертең көрсетті. Бұл туралы TMZ хабарлады.
Нөмір «Ойыншықтар хикаясы» тақырыбына құрылды. Свифт әнді сахна артында бастап, сахнаның ортасына шықты. Ол жылтыр топ, бүрмелі юбка және ковбой етігін киді. Әнші қолына мультфильмдегі Эндидің бөлмесіндегі тұсқағазды еске салатын, жылтыр бұлттармен безендірілген көк гитара алды. Сахнада ковбой қыз Джессидің құрметіне «Jessie Was Here» деп жазылған ағаш тұрды. Свифтке банджомен Кит Урбан сүйемелдеді.
Әнші марапат ала алмады. «Жыл синглі» аталымында I Knew It, I Knew You әні Элла Лэнглидің Choosin’ Texas әнінен жеңілді. Бұл Свифттің CMA-дағы 26-шы номинациясы еді, оның «Жыл әртісі» атағын екі рет алғаны бар. Әннің алдында «Грэмми-2027» тұр: Свифт бес аталымға, соның ішінде визуалды медиаға арналған үздік ән аталымына ұсынылды.
Свифттің рәсімде өнер көрсететінін ұйымдастырушылар 13 қарашада жариялаған. Ол CMA сахнасында соңғы рет 2013 жылы ән салған, сол кезде Винс Гилл және Элисон Краусспен бірге Red әнін орындаған. Номинация туралы хабардан кейін Свифт Instagram-да кантри әндеріндегі жолы әлі аяқталмағанын айтып әзілдеді.



