Американың «Вояджер-1» зонды 18 қарашада, сәрсенбіде, Жерден бір жарық тәулігі қашықтыққа, яғни 25,9 млрд шақырымнан астам жерге алыстаған алғашқы адам қолымен жасалған нысанға айналады. Бұл Жерден шыққан жарық пен радиосигнал аппаратқа тұтас бір тәулікте жетеді деген сөз. Бұл туралы NASA хабарлады. Жарық тәулігі – уақыттың емес, қашықтықтың өлшемі: жарық 24 сағатта осынша жол жүреді. Салыстыру үшін, Күннен Жерге жарық шамамен сегіз минутта жетеді.
Оның алдында, 17 қарашада, сейсенбіде, NASA әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды күн батқаннан кейін аспанға қол шамын не телефон экранын бағыттап, зондқа оның VGR шақыру белгісін Морзе әліпбиімен «жіберуге» шақырады. Ол үшін агенттік керекті кодты өзі жыпылықтатып беретін веб-бет әзірледі. Өз сигналының фотосы мен бейнесін әлеуметтік желіге @NASA белгісімен жариялау сұралады. Бұл – символдық акция. Айтпақшы, борттағы құрылғыда Морзе әліпбиі бұрыннан бар: екі «Вояджер» де алып жүрген «Алтын пластинкаға» латын тілінде «Тікенек арқылы жұлдыздарға» деген сөз жазылған.
Төменде – зондқа «сигнал» қалай жіберуге болатынын көрсететін NASA бейнесі.
19 қарашада, бейсенбіде, Астана уақытымен сағат 22:00-де Калифорниядағы NASA-ның Реактивті қозғалыс зертханасы (JPL) миссия командасымен ашық кездесу өткізеді. Ғалымдар «Вояджер-1» мен оның егізі «Вояджер-2»-нің қазіргі жай-күйі, олардың әлі де қандай деректер жіберіп жатқаны және осындай қашықтықта аппараттармен байланысты қалай сақтап отырғаны туралы айтып береді. Сол жерде миссияның 50 жылдығына орай 2027 жылы шығатын «Вояджерлер» туралы деректі фильмнен үзінді көрсетіледі. Трансляцияны NASA сайтынан көруге болады.
«Вояджер-1» 1977 жылы ұшырылған. Ол «Вояджер-2»-мен бірге Күн жүйесінің сыртқы планеталарын зерттеуге тиіс болды. Бұл үшін 176 жылда бір рет қайталанатын планеталардың сирек орналасуы пайдаланылды. 2012 жылы «Вояджер-1» аппараттардың ішінде алғаш болып жұлдызаралық кеңістікке – гелиосферадан тыс шықты. Гелиосфера – Күннің өз айналасында бөлшектер мен магнит өрістерінен түзетін алып «көпіршігі». Басқа траекториямен ұшқан «Вояджер-2» мұны 2018 жылы жасады. Қазір зондтар сағатына шамамен 56 мың шақырым жылдамдықпен қозғалып келеді және гелиосферадан тыс жұмыс істеп тұрған жалғыз аппараттар болып қала береді.



