Early Yellow бүркеншік атымен танымал израильдік продюсер Нив Калиски Нью-Йорктің федералдық сотына Трэвис Скотт, рэпер Дон Толивер және Sony Music компаниясына қарсы талап арыз берді. Оның айтуынша, 2019 жылғы What to Do? әні оның битіне лицензиясыз әрі ақы төленбей құрылған. 52 беттік талап арыз туралы Rolling Stone хабарлады.
Талапкердің нұсқасы бойынша, ол өзінің Moazin99bpm жазбасын әнмен жұмыс істеген екі продюсердің өкілдерімен бөліскен. Бірнеше айдан кейін олардың бірі оған келісу үшін оның биті бар трек нұсқасын жіберген, бірақ лицензия туралы келісім жасалмаған. Ән шыққаннан кейін Калиски Apple Music пен Spotify-да продюсер және автор ретінде көрсетілген, алайда оның айтуынша, ешқандай ақша алмаған.
Продюсер жауапкерлердің оның авторлық құқығын әдейі бұзғанын мойындатып, жазбаға құқықтың 50%-ын өзіне бекітуді талап етеді. Ол сондай-ақ әннен түскен табысты ашып көрсетуді, пайданың бір бөлігін және кемінде 1 млн доллар — шамамен 444 млн теңге өтемақы төлеуді сұрайды. Талап арызда трек Spotify-да 270 млн реттен, YouTube-та 60 млн реттен астам тыңдалғаны, ал бит авторы «жүздеген миллион ақылы тыңдалым» үшін «нөл» алғаны айтылған.
Калиски Sony компаниясын «заңсыз монетизация схемасы» бар деп те айыптайды. Оның айтуынша, ол құқық бұзылғаны туралы бірнеше рет шағым түсірген, бірақ лейбл оларға «негізсіз әрі алаяқтықпен» қарсылық білдіріп, ән стриминг сервистерінде қала берген. Скотт, Толивер және Sony өкілдері пікір сұраған хаттарға бірден жауап бермеді.
What to Do? әні Скотт 2019 жылы өзінің Cactus Jack лейблімен бірге шығарған JACKBOYS альбомына енген. Рэпер авторлық құқық үшін алғаш рет сотқа тартылып отырған жоқ: бұған дейін ол Highest in the Room және Telekinesis әндерінде басқалардың еңбегін пайдаланды деп айыпталған.



