Павлодар облыстық онкологиялық диспансерінде АҚШ-тың VARIAN компаниясы шығарған, компьютерлік томограф-симулятормен жабдықталған жаңа TrueBeam сызықтық үдеткіші іске қосылды. Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, бұл қондырғыда жылына 1000–1200 онкологиялық науқас ем алады.
Аппарат жасанды интеллектіні қолдана отырып, жоғары дәлдіктегі сәулелік терапия жүргізеді, ал ем курсы әр науқасқа жеке жоспарланады. КТ-симулятор науқасты дәл орналастыруға және сәулелендіруді оның анатомиялық ерекшеліктерін ескере отырып есептеуге көмектеседі. Министрліктің айтуынша, жаңа жабдық өңір тұрғындарына көрсетілетін онкологиялық көмектің мүмкіндігін едәуір кеңейтеді.
Іске қосу рәсіміне Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов, «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Лаззат Чинкисбаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басшысы Ербол Бекмұхамбетов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Кучуков және онкологиялық диспансердің директоры Мұрат Сүлейменов қатысты.
Министрліктің дерегінше, заманауи сызықтық үдеткіштер қазір еліміздің барлық дерлік өңірінде бар. Қарағанды мен Семейде екі қуатты аппараттан, Астанадағы Ұлттық ғылыми онкология орталығында төрт аппарат, ал елорданың қалалық онкологиялық орталығында тағы екі аппарат жұмыс істейді. Соңғы екі жылда онкологиялық науқастарды сәулелік терапиямен қамту 60%-ға жақындады, бұл дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне жуық.



