Астанада санитарлық дәрігерлер Өзбекәлі Жәнібек көшесі, 18 мекенжайындағы Samsa food аспаздық цехының жұмысына тыйым салды. Тексеріс әлеуметтік желіде тараған видеодан кейін басталды: онда жұмысшылар самсаны қолғапсыз жасап, өнімді ашық ыдыспен тура еденде сақтап отыр.
Сарайшық ауданының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының хабарлауынша, жоспардан тыс тексеріс тұрғындардың е-Өтініш порталы арқылы жолдаған өтініштері бойынша тіркелген, олар бесеу болған. Инспекторлар санитариялық қағидалардың көптеген бұзылғанын анықтады. 19 қарашада цехтың жұмысына тыйым салынды: кәсіпкердің қызметті бастағаны туралы хабарламасы болмаған. Міндетті медициналық тексеруден өтпегендіктен, жұмысшылар жұмыстан уақытша шеттетілді.
Цех иесіне санитариялық талаптарды бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 425-бабының 1-бөлігі бойынша айыппұл салынды. Сондай-ақ оған барлық бұзушылықты жою туралы нұсқама берілді.
Видеоны Threads желісінің aelitanursultan есімді қолданушысы жариялады, ол роликті цех иесінің өз парақшасынан алған. «Көргенімнен шошып кеттім, мұндай жағдайда қалай тамақ әзірлеуге болады?!» деп жазды пост авторы. Жарияланым қала тұрғындарының қатты наразылығын тудырды.
Осыдан кейін цехқа «Жетінші арнаның» түсірілім тобы барды. Журналистердің айтуынша, цех иесі тілшінің қолынан микрофонды жұлып алып, телефонын тартып алған, оны қорқытқан және операторды көлікпен қағып кетпек болған, ал оқиға орнына патрульдік полиция шақырылған. Телеарна кәсіпкермен сотта кездесетінін мәлімдеді.



