Қазақстанда интеграцияланған медициналық бағдарламалардың студенттері үшінші курстан кейін білімі мен практикалық дағдыларын тәуелсіз бағалаудан өтеді. Өту балын жинамаған студент төртінші курсқа көше алмайды. Бұл туралы №167 бұйрыққа денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова 2026 жылғы 13 қарашада қол қойды, деп хабарлайды Kursiv Media.
Емтихан базалық пәндер бойынша аралық аттестаттаудан кейін өтеді. Белгіленген ең төменгі балды жинамаған студентке академиялық қарыз есептеледі, ал қайта тапсыру да сәтсіз болса, ол оқудан шығарылуы мүмкін.
Бұл жоғары оқу орны мен интернатура біріктірілген интеграцияланған бағдарламаларда оқитындарға қатысты. Мұндай бағдарламаларға қабылдауды Денсаулық сақтау министрлігі қыркүйекте тоқтатқан, бірақ оқуға түсіп үлгерген студенттер сол бағдарламалар бойынша оқуын аяқтайды.
Бұйрық оқу мазмұнын да өзгертеді. Бағдарламаларға цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллектпен жұмыс қосылды — 90 академиялық сағат, яғни үш кредит. Интеграцияланған медициналық білім берудегі интернатура кемінде 70 академиялық кредит болуға тиіс, практика кезінде студенттерге тәлімгерлер жетекшілік етеді. Министрлік бағдарламалардың ең төменгі көлемін де бекітті:
| Бағдарлама | Ең төменгі көлемі, академиялық кредит |
|---|---|
| Фармация | 350 |
| Қоғамдық денсаулық | 280 |
| Мейіргер ісі | 280 |
| Кинезитерапия және эрготерапия | 280 |
Оқу кешенді емтихан түріндегі қорытынды аттестаттаумен аяқталады.
Медицина мамандарын даярлау жүйесі кадр тапшылығы жағдайында өзгертіліп жатыр: өңірлерде, әсіресе аудандар мен ауылдарда, дәрігерлер әлі де жетіспейді.



