Threads желісінің қазақстандық қолданушылары 2016 жылы Астанада табылған 200 теңгелік банкноттағы жазбаның авторын тапты. Белгісіз әйел банкнотқа елорданың сол жағалауынан үш бөлмелі пәтер алуды армандайтынын жазған. Банкноттың суретін assel.bayy есімді қолданушы жариялады, ал оқиғаның жалғасын Tengrinews жазды.
Жазба авторының айтуынша, ол 2016 жылы банкте жұмыс істеген, бұл банкнот оның қолына Астанада түскен. «Осы адамның арманы орындалды ма екен?» — деп сұрады ол оқырмандарынан. Банкнотта: «Бір жылдан кейін Астананың сол жағалауынан мешітке қарайтын 3 бөлмелі пәтер алғым келеді. Онда отбасыммен бірге тұрамын», — деп жазылған.
Жазба 713 мыңнан астам қаралым мен 18 мыңға жуық «ұнайды» белгісін жинады. Пікірлерде қазақстандықтар тілек пен сыр жазылған өз банкноттарын бөлісе бастады — «Сүйген адамыма тұрмысқа шықтым» деген жазбадан бастап ақшаның болашақ иелеріне арналған жылы тілектерге дейін.
Жауап сол пікірлердің арасынан табылды. Қолданушылардың бірі қолжазбаны танып, ағасынан сұрап көруге шешім қабылдады — ол жазбаны әйелі қалдырғанын растады. Кейін автордың өзі де үн қатты. Оның айтуынша, бұл тілекті ол төрт баланы жалғыз тәрбиелеп жүрген қиын кезеңде жазған.
«Бұл менің қолжазбам, менің ең асыл арманым. Сол жылы бұл менің соңғы банкнотым, өміріміз үшін соңғы ақшам еді. Өмірдің барлық қиындығынан кейін, ең жаманынан құтылып, төрт баламмен бірге тыныштық пен жақсы өмір іздеп Астанаға келдік», — деп жазды ол.
Әйелдің айтуынша, қазір балалары өсіп, білім алып, әскерде қызмет етіп қайтқан, ал отбасының өз пәтері бар. Туысының сөзінше, олар мешітке қарайтын бес бөлмелі пәтерде тұрады.
«Бәйтерек» монументі бейнеленген 2006 жылғы үлгідегі 200 теңгелік банкнот әлі де айналымда жүр және заңды төлем құралы болып қала береді, деп хабарлайды Ұлттық банк.



