Қазақстанда 21 қарашадан бастап тұрғын үй салғанда өрт сөндіру техникасына арналған арнайы алаң қарастыру міндетті болды. Жаңа құрылыс талаптары күшіне енгенін Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады. Мұндай алаңға құтқарушылар автосаты мен автокөтергішті кедергісіз орнатып, жоғарғы қабаттардағы адамдарды эвакуациялай алады.
Алаңның өлшемі үйдің биіктігіне байланысты. Биіктігі 10 метрден 28 метрге дейінгі ғимараттарда өрт сөндіру өтпесінің шетінен қабырғаға дейінгі қашықтық 5–8 метр, ал 28 метрден биік үйлерде 8–10 метр болуы керек. Алаңның жабыны ауыр арнайы техниканың салмағын көтеруге тиіс, оның аумағына көлік қоюға және басқа да кедергі жасауға болмайды.
Талап жаңа нысандарға қолданылады. Пайдалануға берілген үйлерде ТЖМ пәтер иелері кооперативтері (ПИК) мен мүлік иелері бірлестіктеріне (МИБ) осындай орынды өз еркімен жабдықтауды ұсынып отыр: кіреберісті босатып, арнайы белгі сызығын салып, ол жерге көлік қоюға тыйым салу керек. Мұндай алғашқы алаңды 21 қарашада Астанадағы «Гранд Алатау» тұрғын үй кешенінің ауласында Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұхановқа көрсетті. Үй бұрын пайдалануға берілгендіктен, орынды елордалық Төтенше жағдайлар департаменті мен МИБ келісіп бөлді: онда белгі сызығы салынып, тыйым салатын жол белгісі орнатылды. Министрдің айтуынша, мұндай алаңдар басқа аулаларда да белгіленеді.
Өрт сөндіру техникасына арналған алаңға көлік қою Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 597-бабы бойынша тоқтау және тұрақ қою қағидаларын бұзу болып саналады. Мұханов түсіндіргендей, алғаш бұзғаны үшін жүргізушіге 5 АЕК (21 625 теңге), бір жыл ішінде қайталаса, 10 АЕК (43 250 теңге) айыппұл салынады. Құқық бұзушыларды полиция жазалайды.
ТЖМ-нің түсіндіруінше, өрт кезінде аулада ретсіз тұрған көліктер үйге баратын жолды жауып, техниканы орналастыруға кедергі келтіреді, ал жоғарғы қабаттағы адамдарды құтқарғанда әр минут маңызды. Құрылыс нормаларына енгізілетін түзетулер туралы Мұханов 10 қарашада Үкіметтегі брифингте айтқан болатын. Жаңа талаптар республикалық өрт қауіпсіздігі онкүндігі басталған күні күшіне енді: ведомство дерегінше, жылыту маусымы басталғалы тұрғын үйлердегі өрттен 33 адам қаза тапты. Жақында Алматыдағы бес қабатты үйдегі өртте құтқарушылар тұрғындарды эвакуациялап, бір адамды терезеден түсірді.



