Мазмұнға өту

Алматыда 14 көлікті соққан трамвай жүргізушісі 9 айға куәлігінен айырылды

Әкімшілік сот 2015 жылғы қазанда Алматы трамвайы қатысқан екінші жаппай жол апатына Гаухар Тұрсынованы кінәлі деп таныды.

Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты вагон жүргізушісі Гаухар Тұрсынованы тоғыз айға көлік жүргізу құқығынан айырды. Ол 2015 жылғы қазанда трамвай қатысқан екінші жаппай жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылды. Бұл туралы Алматы қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Апат қарбалас уақытта болған: трамвай 14 көлікпен соқтығысқан. Іс материалдарына сәйкес, вагон жүргізушісі кабинадан шығып кеткен, содан кейін салмағы бірнеше тонна болатын вагон көлік кептелген қиылысқа қарай домалап кеткен.

Сот Тұрсынованы адамдардың денсаулығына зиян келтіруге не көліктің немесе өзге мүліктің бүлінуіне әкеп соққан жол жүру қағидаларын бұзу бойынша кінәлі деп тапты. Алайда сотта денсаулыққа зиян келгені расталмады: сот шешіміне сәйкес, көліктер механикалық зақым алып, жәбірленушілерге материалдық шығын келтірілген. Соттың мәліметінше, Тұрсынова кінәсін толық мойындап, өкінген.

Қаулы әлі заңды күшіне енген жоқ. Жәбірленушілер шығынды азаматтық талап арқылы өндіріп ала алады. Мұндай талап бойынша Тұрсыновамен қатар трамвай депосы да жауапкер болуы мүмкін.

2015 жылдың күзінде Алматыда трамвай қатынауы тоқтады. Трамвай қатысқан алғашқы жаппай апатта бір әйел ауыр жарақат алып, отызға жуық көлік қираған еді. Ол іс бойынша қылмыстық сотта үш адам жауапқа тартылып отыр: тағылымдамадан өтіп жүрген вагон жүргізушісі, вагон жүргізушілерінің тәлімгері және механик.

«Радиоточка» материалдары бойынша.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз