Қазақстанда жасанды интеллект 700-ден астам медициналық ұйымда қолданылып жүр: дәрігерлер инсульт пен қатерлі ісік белгілерін тезірек анықтауға, медициналық суреттерді талдауға және құжат толтыруға кететін уақытты азайтуға көмектесетін ондан астам ЖИ шешімін пайдаланады. Бұл туралы 26 қарашада Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Негізгі бағыттың бірі – инсульт диагностикасы. CerebraAI жүйесі компьютерлік томография суреттерін талдап, дәрігерге бас миының зақымдану белгілерін жедел байқауға көмектеседі. Қазір ол Астананың, Ақмола, Жамбыл, Алматы, Маңғыстау облыстарының және Жетісу облысының 17 инсульт орталығында жұмыс істейді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бері жүйенің көмегімен инсульт деп күдіктенген 23,5 мыңнан астам науқастың тексеру нәтижесі талданды.
Науқас үшін бұл ең алдымен уақыт ұтуды білдіреді. Министрлік инсульт кезінде әр минуттың маңызды екенін еске салады: дер кезінде қойылған диагноз емді тезірек бастауға, ауыр асқынулар мен мүгедектік қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге ЖИ медицина маманының орнын баспайды: диагнозды қойып, емді бұрынғыдай дәрігер тағайындайды, деп атап өтті ведомствода.
Нейрожелілер сүт безі мен өкпе қатерлі ісігінің белгілерін ерте сатыда байқауға да көмектеседі, стоматологиялық диагностикада да қолданылады. Наурызда Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, онкологияда радиологиялық суреттерді ЖИ арқылы талдау 12 өңірдегі 190 медициналық ұйымға енгізілген: онкологиялық ауруларды анықтау 32%-ға артып, диагностика уақыты 40 минуттан 10 минутқа дейін қысқарған.
Тағы бір бағыт – дәрігерлерге медициналық құжаттарды толтыруға көмектесетін цифрлық көмекшілер. Қазір Alima көмекшісін 4 205 дәрігер пайдаланады. Пилоттық жобада асқынбаған аурумен келген науқасты қабылдау кезінде құжат толтыру төрт есе жылдамдап, алты минуттан бір жарым минутқа дейін қысқарды. Министрліктің айтуынша, осылайша дәрігердің науқасты қарауға, кеңес беруге және емдеуге уақыты көбейеді.
Көктемде CerebraAI тоғыз инсульт орталығында жұмыс істеген, Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, онда тромболитикалық терапияны қолдану 40%-ға артқан. Сол кезде ведомство 2026 жылы жүйені 33 инсульт орталығына дейін кеңейтуді жоспарлаған. Кей өңірлер оны өз қаражатына сатып алады: мысалы, Жамбыл облысы инсультті ЖИ арқылы анықтауға 110 млн теңге бөлуді шешті. Бұған дейін үкіметте Cerebra AI инсульттен болатын өлім-жітімді азайтуға көмектескенін айтқан.



