Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

ЖСН: шетелдіктердің болу заңдылығы 6 желтоқсаннан бастап тексеріледі

Өзгерістер туралы № 884 бұйрыққа ішкі істер министрі Ержан Саденов 23 қарашада қол қойды.

Индивидуальный идентификационный номер (ИИН)
Фото: Kazinform

6 желтоқсаннан бастап Қазақстанда уақытша жүрген шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) рәсімдеу тәртібі өзгереді. ХҚКО-да олардың тек шекарадан өткені ғана емес, елде заңды түрде болып жүргені де тексеріледі. Бұл ішкі істер министрінің 2026 жылғы 23 қарашадағы № 884 бұйрығында көзделген.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерінің әрекеттері кезең-кезеңімен жазылды: ол өтініш берушінің жеке басын анықтайды, мәліметтердің дұрыстығын және құжаттардың тізбеге сәйкестігін тексереді, содан кейін ХҚКО ақпараттық жүйесінде өтінім рәсімдейді. Жүйеге паспорт нөмірі енгізіледі, «Беркут» жүйесімен интеграция арқылы шетелдіктің деректері мен оның шекарадан өткені туралы мәліметтер толтырылады. Жаңалығы – иммигранттардың эталондық деректер базасы бойынша салыстыру: ол адамның елде болуы немесе тұруы көші-қон заңнамасының талаптарына сай ма, жоқ па, соны көрсетеді. Бас тартуға негіз болмаса, өтінім Көші-қон қызметі комитетінің цифрлық жүйесіне жіберіледі.

ЖСН рәсімдеу үшін шетелдікке белгіленген нысандағы өтініш, жеке басын куәландыратын құжат және оның нотариат куәландырған аудармасы қажет. Тегі, аты және әкесінің аты паспорттың машинамен оқылатын аймағы, яғни беттің төменгі бөлігіндегі таңбалар блогы бойынша, ал туған күні мен жері, азаматтығы және өзге мәліметтер құжаттың негізгі бөлігі бойынша жазылады. Құжаттарды қабылдаған кезде қолхат беріледі, ал жүгінген күн қызмет көрсету мерзіміне кірмейді.

Қате табылған жағдайда не істеу керегі де бөлек жазылды. Өтініште немесе құжаттарда дәлсіздік, талаптарға сәйкессіздік не толық емес топтама анықталса, өтініш берушіге оны түзетуге екі сағат беріледі. Осы уақытта құжаттар, оның ішінде түпнұсқалар, сақтауға қабылданбай, өзіне қайтарылады, ал бұл екі сағат қызмет көрсету мерзіміне есептелмейді. Адам бәрін уақытында түзетсе, алғаш жүгінген күні өтініш берген күн болып саналады. Түзетпесе, құжаттарды қабылдаудан бас тартылады. Дербес деректерге қол жеткізуге келісімнің болмауы да бас тарту себебі болуы мүмкін, ал бас тарту себебі көрсетіле отырып түсіндірілуі тиіс.

Бұрын берілген ЖСН-ді түзету үшін өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат керек. Деректер өзгерсе, анықтамалық деректердің өзгергені туралы куәлік, ал құжатты өкіл тапсырса, нотариат куәландырған сенімхат қоса беріледі. Шетелдіктің құжатында деректер кириллицамен немесе латыншамен жазылмаса, нотариаттық аударма талап етіледі. Балалардың және әрекетке қабілетсіз адамдардың заңды өкілдері, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ адамдар және Қазақстанда босқын деп танылғандар үшін құжаттардың жеке тізбесі қарастырылған.

Бұған дейін ІІМ шетелдіктер ЖСН-ді QazETA қосымшасы арқылы рәсімдей алатынын хабарлаған еді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз