Қазақстан азаматтығын алуға үміткерлерден тестілеуге өтініш қабылдау 27 қарашадан 7 желтоқсанға дейін жүргізіледі, ал емтиханның өзі 8 желтоқсанда өтеді. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) хабарлады.
Өтінішті 7 желтоқсан сағат 18:00-ге дейін app.testcenter.kz сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы беруге болады. Тестілеуге қатысу құны – 14 693 теңге. Өз күшін алдын ала сынап көргісі келетіндерге ҰТО 3 355 теңгеге ақылы байқау сынағын ұсынады, оны сол сайттағы «Байқау сынағы» бөлімінде тапсыруға болады.
Емтихан үш бөлімнен тұрады. Қазақ тілі бойынша тапсырмалар тек қазақ тілінде беріледі, ал Конституция негіздері мен Қазақстан тарихын қазақ немесе орыс тілінде тапсыруға болады. Тестте барлығы 100 тапсырма бар, шекті балл – 50, бірақ әр бөлім бойынша да ең төменгі балды бөлек жинау қажет.
| Бөлім | Тапсырма саны | Шекті балл |
|---|---|---|
| Қазақ тілі | 30 | 15 |
| ҚР Конституциясының негіздері | 40 | 20 |
| Қазақстан тарихы | 30 | 15 |
| Барлығы | 100 | 50 |
Барлық тапсырманы орындауға 2 сағат 10 минут беріледі. Мүгедектігі бар адамдарға қосымша 30 минут бөлінеді.
Тестілеу мерзімі туралы хабарландыруды ҰТО өзінің Telegram-арнасында да жариялады:
Азаматтыққа үміткерлерге арналған тест көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіру туралы заңмен енгізілді, оған Мемлекет басшысы 2024 жылғы 16 мамырда қол қойған. Емтихан мемлекеттік тілді қарапайым деңгейде білуді, Конституция негіздері мен Қазақстан тарихын білуді тексереді. Кәмелетке толмағандар, әрекетке қабілетсіз адамдар, этникалық қазақтар, Қазақстан алдында ерекше еңбегі бар адамдар және халықаралық шарттар негізінде азаматтықты жеңілдетілген тәртіппен алатындар бұл тестті тапсырмайды. Өтініш қабылдаудың алдыңғы кезеңі тамызда өтті, ал тестің өзі 22 тамызда ұйымдастырылды.



