Қостанай облысындағы Жітіқарада 27 жыл бойы пайдаланылмай келген емхана ғимараты қалпына келтіріліп, қайта ашылды. Ашылу рәсіміне облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты, деп хабарлады Қостанай облысының әкімдігі.
Ғимарат 1976 жылы салынған. Ол төрт қабат пен жертөледен тұрады, жалпы ауданы — 1 324,2 шаршы метр. Құрылыс-монтаж жұмыстарына 972,8 млн теңге жұмсалды, бас мердігер — «UniСтрой» ЖШС.
Ауданның медициналық инфрақұрылымын кеңейту мұнымен шектелмейді. Жыл соңына дейін аудандық аурухана негізінде өңіраралық көпбейінді аурухана құру жоспарланған. Қазір хирургия бөлімшесінің жанынан МРТ аппараты мен ангиограф орналастырылатын қосымша корпус салынып жатыр.
Ауданда жолдар да жөнделуде: аудандық маңызы бар екі учаскедегі орташа жөндеу аяқталған соң жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық жолдардың үлесі 56,7%-дан 77%-ға дейін артуы тиіс. Болашақта Жітіқара — Денисовка жолын жөндеу және ауданда жабық хоккей кортын салу жоспарланған.



