Google арзан смартфондарға арналған Android (Go edition) жүйесіне Gemini қосымшасын шығарды. Android Go – жадының көлемі шағын телефондарға арналған Android-тің жеңілдетілген нұсқасы. Компанияның 18 қарашадағы хабарлауынша, осылайша жасанды интеллект көмекшісі интернетке шығу, оқу және жұмыс үшін негізінен осындай телефонды пайдаланатын тағы жүздеген миллион адамға жетеді. Осы уақытқа дейін бұл құрылғыларда көбіне қарапайым дауыстық командалар ғана жұмыс істеген.
Google-дың айтуынша, қосымша Gemini-дің негізгі мүмкіндіктері жады аз телефондарда да кідіріссіз жұмыс істейтіндей етіп қайта жасалған. Бюджеттік смартфон иелеріне мыналар қолжетімді:
- Gemini Live – көмекшімен 45-тен астам тілде дауыспен сөйлесу, мысалы, бір ойды талқылау немесе әңгімелесуге дайындалу үшін;
- камера – телефонды конспектіге немесе бланкіге бағыттап, мәтінді аударуға не қадамдық кеңес алуға болады;
- Nano Banana моделімен сурет жасау – мысалы, үйде пісірілген тоқаш туралы хабарландыру;
- контактілерге қоңырау шалу және хабарлама жіберу, оятқыш қою, күнтізбеге оқиға енгізу және сұрау бойынша музыка қосу.
Мұндай телефондарда «Окей, Google» дауыстық командасы мен экрандағы мазмұн бойынша кеңес беру функциясы жұмыс істемейді.
Gemini жедел жады 2 ГБ және одан көп Android (Go edition) құрылғыларында іске қосылады, ол үшін Google аккаунты қажет. Қосымшаны Google Play-ден жүктеп алып, қуат немесе «Басты бет» түймесін ұзақ басу арқылы шақыруға болады, ал кейбір жаңа телефондарда, мысалы Transsion өндірушісінің құрылғыларында, ол алдын ала орнатылады. Google анықтамасына сәйкес, Android Go нұсқасы Gemini қолжетімді барлық елде және барлық тілде жұмыс істейді. Қазақстан бұл тізімге кіреді, қосымша орыс және қазақ тілдерін түсінеді, бірақ қазақ тілінде дауыстық командалар мен кейбір әрекеттер қолжетімсіз.
Google арзан телефондарға көшуді маусымда бастаған: сол кезде Android Go үшін Google қосымшасының ішінде Gemini-дің жеңілдетілген Gemini Go нұсқасы шығып, бұрынғы Google Assistant Go-ның орнын басты. Компания өз құрылғыларының барлығын Google Assistant-тан Gemini-ге біртіндеп көшіріп жатыр. Осы аптада Google күрделі міндеттерге арналған Gemini 4 Neon моделін де шығарды.



