Қазақстанда цифрлық сәйкестендіру арқылы дәрігердің 160 млн қабылдауы расталды. Бұл — есепке алынған қабылдаулардың 72,2 пайызы. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Пациент қабылдауда болғанын өзі растайды, сондықтан оның медициналық картасына іс жүзінде алмаған қызметтердің жазылу қаупі азаяды.
Дәрігерге барғанын екі тәсілмен растауға болады: бет-әлпетті тану (Face ID) немесе eGov Mobile қосымшасындағы цифрлық код арқылы. 13 қарашадағы дерек бойынша Face ID арқылы 53,9 млн қабылдау, цифрлық кодпен 106,1 млн қабылдау расталған.
Екпелерге де осындай тексеру қолданылады. Вакцинация туралы мәлімет медициналық ақпараттық жүйеге енгізілгеннен кейін адамға екпені растауға немесе жоққа шығаруға болатын SMS келеді. 26 қазан мен 26 қараша аралығында мұндай 1,1 млн-ға жуық хабарлама жіберілді, оған 84 мыңнан астам адам жауап берді, олардың 74 мыңнан астамы екпе алғанын растады. Егер адам екпе алмағанын айтса, жазба қосымша тексеруге жіберіледі. Бұған дейін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті кейбір адамдардың мұндай SMS-ті алаяқтардың хабарламасы деп ойлағанын мойындаған еді.
Денсаулық сақтау министрлігі қабылдауды цифрлық растауды 2024 жылы Астананың медициналық ұйымдарында бастап, 2025 жылғы қаңтардан бері бүкіл елге кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Ведомство бұл тетікті қосып жазуға қарсы құрал ретінде енгізген: іс жүзінде көрсетілмеген, бірақ бюджет пен МӘМС қорынан төленетін медициналық қызметтердің есепке жазылуына жол бермеу үшін.



