Ханшайым Дианаға арнап 1999 жылы құрылған Diana Award қайырымдылық ұйымы сыртқы басқаруға өтті: ол енді өз міндеттемелерін орындай алмайды. Бұл туралы қор 26 қарашада, бейсенбіде сайтында хабарлады. Директорлар Oury Clark бухгалтерлік фирмасының өкілі Ник Парскіні ұйымды басқарушылардың бірі етіп тағайындады.
Хабарландырудан кейін көп ұзамай ханзада Уильям үн қатты. «Diana Award әлемді жақсы жаққа өзгертіп жүрген мыңдаған жасты танып, оларға демеу болды. Осыншама жыл бойы мұны мүмкін еткен адалдығы мен табанды еңбегі үшін барша жанға алғыс айтқым келеді», — деді Дианының үлкен ұлы. Ол үндеуіне «W.» деген бір әріппен қол қойды — әдетте жеке хабарламаларына осылай қол қояды.
Қор мәлімдемесінде шешім тәуелсіз кеңесшілер ұйымның міндеттемелерін бұдан әрі орындай алмайтынын анық көрсеткен соң «ауыр жүрекпен» қабылданғаны айтылған. «Бұл — ешқайсымыз қаламаған нәтиже. Осы жылдар бойы ұйымды қолдаған барша жанға, ең алдымен жетістіктері әрдайым оның өзегі болған жастарға алғыс айтамыз. Олардың жетістіктері маңызды, ал бүгінгі шешім мұны өзгертпейді», — деп жазды Diana Award. Қор қарызының көлемін де, қаржылық қиындықтың себебін де айтпады.

Сыйлық Диана 1997 жылы Парижде жол апатынан қаза тапқаннан кейін екі жылдан соң тағайындалды. Оны құрған кеңесті сол кездегі Ұлыбритания қаржы министрі Гордон Браун басқарған. Марапат 9 бен 25 жас аралығындағы жастарға қоғамдық және гуманитарлық жұмысы үшін берілді, ал қордың өзі тәлімгерлік пен мектептегі буллингке қарсы бағдарламалар жүргізді. 27 жылда Diana Award сыйлығын 50 мыңнан астам жас алды. Ұйымды ханшайымның екі ұлы — Уильям мен Гарри қолдап келді. 4 қарашада 44 елден 198 адам марапатталған онлайн-рәсімде ағайынды ханзадалар лауреаттарға құттықтау хаттарын жолдаған еді.



