Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Ресей Харьков авиация институтына соққы берді: бір әйел қаза тапты

Реактивті дрон оқу ғимаратының үшінші қабатындағы университет мұражайына тиіп, жарылыстан кейін екі қабат өртенді.

Пожар в учебном корпусе Харьковского авиационного института после удара российского дрона 26 ноября

26 қарашада күндіз Ресей әскері Харьковқа реактивті дрондармен шабуыл жасап, Украинаның ең ірі техникалық жоғары оқу орындарының бірі – Харьков авиация институтының (ХАИ) ғимаратына соққы берді. Қаланың тұрғын үй аудандары да атқыланды: 86 жастағы әйел қаза тапты, тағы сегіз адам зардап шекті. Бұл туралы Украина ТЖҚК-ның Харьков облысы бойынша басқармасы хабарлады. Харьков – Украинаның көлемі жағынан екінші қаласы, ол елдің солтүстік-шығысында, Ресей шекарасынан шамамен 30 шақырым жерде орналасқан.

Қалада жарылыстар Киев уақытымен сағат 11:20 шамасында (Астана уақытымен 14:20-да), жұмыс пен сабақ қызған шақта естіле бастады. Харьков мэрі Игорь Терехов реактивті дрон Киев ауданындағы жоғары оқу орнының ғимаратына тигенін хабарлады. Кейін ол бұл ХАИ екенін, тағы бір соққы энергетика нысанына тигенін растады. Мэрдің айтуынша, ресейліктер «Бандероль» қолданған. Бұл – кәдімгі «Шахедтерден» жылдамырақ ұшатын, сондықтан атып түсіру қиынырақ реактивті дрон-зымыран.

Ресей дронының ХАИ оқу ғимаратына соққысының салдары, Харьков
Фото: Андрей Бутенко, Украинаның білім және ғылым министрі

Украинаның білім және ғылым министрі Андрей Бутенконың айтуынша, соққы оқу ғимаратының үшінші қабатындағы университет мұражайына тиген, өрт екі қабатты шарпыған. ХАИ-дың төрт қызметкері зардап шегіп, бәрі ауруханаға жеткізілді. Университетте қаза тапқандар жоқ.

Әйел Киев ауданының басқа бөлігінде – соққыдан кейін өртенген жеке үйде қаза тапты. Құтқарушылар өртті сөндіріп жатқанда оның денесін тапты, ал үйінді астынан бір ер адамды шығарып, дәрігерлерге тапсырды. Харьков облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Олег Синегубовтың мәліметінше, Киев ауданында 75 және 52 жастағы ер адамдар жараланды, 53 және 66 жастағы әйелдер күйік алды, ал 18 жастағы қыз қатты күйзеліске түсті. Салтов ауданында тағы бір үй өртенді, Слобода ауданына «Бандероль» тиді.

Ресей шабуылынан кейінгі Харьков авиация институты ғимаратындағы қирау
Фото: Андрей Бутенко, Украинаның білім және ғылым министрі

Сол күні Ресей соққысы көп жыл бойы белгілі украин спортшылары жаттыққан «Локомотив» спорт кешенінің қасбетін зақымдады. Олег Синегубов шабуылдан кейін ғимараттың қандай күйде тұрғанын көрсетті:

Күндіз университет пен тұрғын үйлерге соққы беру – бейбіт қалаға қарсы лаңкестік шабуыл және халықаралық құқық нормалары бойынша әскери қылмыс. Бұл – Харьковтағы бір тәулік ішіндегі екінші қасірет: түнде Ресейдің «Шахеды» Новобавар ауданындағы 16 қабатты үйде ерлі-зайыптыларды өз пәтерінде өлтірді. Сол күні Украина Президенті Владимир Зеленский Ресей жаңа жаппай соққыға дайындықты аяқтап жатқанын ескертті. Барлау деректері бойынша, нысана тағы да энергетика, логистика және қалалардағы тіршілікті қамтамасыз ететін нысандар болмақ.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз