Мазмұнға өту
2026 жылғы 26 қараша, бейсенбі

Үкім: «атырау хакеріне» 3,5 жыл бас бостандығын шектеу жазасы берілді

Сотталушы үш жыл ішінде IT-курстар, аккаунттарды бұғаттан шығару және Jetu таксиіне салынған ақшадан табыс уәде етіп, 12 адамды алдаған.

Экстрадиция «атырауского хакера» из Турции, кадр из видео
Фото: кадр из видео, NUR.KZ

Атырау қаласының №2 соты әлеуметтік желіде «атырау хакері» деген атпен танымал ер адамды бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 3 жыл 6 ай бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады, деп хабарлады 26 қарашада сот баспасөз қызметі. Алғашында сот 4 жыл 8 ай мерзім белгілеген, бірақ жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық туралы заң бойынша жаза төрттен бір бөлігіне қысқартылды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

Сот дерегінше, сотталушы 2022, 2024 және 2025 жылдары 12 адамды алдап, олардан жалпы 13 млн 361 мың теңге ұрлаған. Ол адамдарға IT-курстар ұйымдастыруды, әлеуметтік желідегі аккаунттарды бұғаттан шығаруды, Jetu такси қосымшасына салынған ақшаны көбейтуді, тұрақты табыс табуға үйретуді және инвестициядан пайда әперуді уәде еткен. Сондай-ақ ол тауар жеткізіп беруге және адамдар бұрын интернет-алаяқтарға аударған ақшаны қайтаруға міндеттенген, бірақ уәдесін орындамай, алған ақшаны иемденіп отырған.

Сот ер адамның бес кәмелетке толмаған баласы барын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды, ауырлататын мән-жай анықталмады. Жаза тағайындау кезінде сотталушының жәбірленушілерге 10 млн 392 мың теңге қайтарғаны, бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындап, өкінгені де ескерілді.

Ер адам 2025 жылғы желтоқсанда Атырау облысындағы Жаңгелдин ауылынан төрт адамнан тұратын отбасы жоғалғанда танымал болған. Ол әлеуметтік желіде өзінің «тергеуі» туралы видеолар жариялап, болжамды геолокациялар мен телефон байланыстарын көрсеткен және жоғалғандардың күйеу баласын күдікті деп алғаш болып атаған. Атырау облысы Полиция департаменті сол кезде оның деректері шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген. Кейін отбасының күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиев кісі өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылды.

«Хакердің» өзі алаяқтық істері бойынша халықаралық іздеуге жарияланып, кейін Түркияда ұсталған. Қазақстанға қайтарылғаннан кейін ол Алматы мен Ақтөбедегі изоляторларда болған, содан соң Атырауға этаппен жеткізіліп, мұнда сот оны үй қамағына жіберген.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз