26 қарашада сағат 19:00-ден бастап Ақтөбе және Атырау облыстарында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар төрт жол учаскесінде қозғалыс шектелді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» АҚ хабарлады, Kazinform жазады. Жүк көліктері, қоғамдық көлік және жазғы дөңгелекті автокөліктер бұл жолдармен жүре алмайды.
Шектеулерді шамамен 27 қарашада сағат 08:00-де алу жоспарланып отыр. Синоптиктердің болжауынша, бұл күні Ақтөбе облысында қар жауып, жаяу борасын соғады, көктайғақ болады, желдің екпіні секундына 15–20, кей кезде 23 метрге жетеді, түнде және күндіз 1–6 градус аяз болады. Атырау облысының солтүстігі мен шығысында қар, жаңбыр және көктайғақ күтіледі.
Жүк көліктері, автобустар және жазғы дөңгелекті көліктер үшін жабылған учаскелер:
- «РФ шекарасы — Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау», 11–337 км — Ақтөбе қаласынан Атырау облысының шекарасына дейін;
- «Ақтөбе — Орал — РФ шекарасы», 24–108 км — Маржанбұлақ кентінен Қобда кентіне дейін;
- «Ақтөбе — РФ шекарасы», 39–136 км — Ш. Қалдаяқов кентінен Әлімбет өткізу пунктіне дейін;
- «РФ шекарасы — Ақтөбе — Қандыағаш — Доссор — Атырау», 337–346 км — Ақтөбе облысының шекарасынан Сағыз кентіне дейін (Атырау облысы).
Шектеу жүк көліктерінің, автобустардың және жазғы дөңгелекті жеңіл көліктердің жүргізушілеріне қатысты. Республикалық трассалардың жай-күйін тәулік бойы 1403 колл-орталығына қоңырау шалып білуге болады.
Қазақстанда қолайсыз ауа райы бірнеше күннен бері сақталып тұр: 26 қарашада дауылды ескерту елдің барлық дерлік аумағында жарияланды, ал 27–29 қарашада синоптиктер Астанада қар мен боран болатынын болжап отыр.



