Қазақстандық ММА жекпе-жекшісі Жалғас Жұмағұлов бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен өтетін ACBJJ халықаралық лигасымен келісімшарт жасады. Келісім төрт белдесуге арналған, алғашқысы 20 желтоқсанда Дубайда өтеді. Бұл туралы спортшы инстаграмда жазды.
«Ассаламу алейкум, баршаңызға сәлем. Достар, қалайсыңдар, амансыңдар ма? ACBJJ-мен төрт белдесуге келісімшартқа қол қойдым. 20 желтоқсанда Дубайда алғашқы белдесуім болады. Қарсыласым да өте қызық. Күтіңіздер», – деді Жұмағұлов. Қарсыласының атын ол атамады.
ACBJJ (Absolute Championship of Brazilian Jiu-Jitsu) бразилиялық джиу-джитсу мен грэпплингтен, яғни соққысыз күрестен турнирлер ұйымдастырады. Бұл ұйымның жарыстарына Арман Царукян, Белал Мұхаммад және Мовсар Евлоев сияқты белгілі ММА жекпе-жекшілері де қатысқан.
Бұған дейін Жұмағұлов Еуропаның Oktagon MMA промоушенінен кететінін айтып, ең жеңіл салмақтағы чемпион белбеуінен бас тартқан. UFC-де қазақстандық 2020–2023 жылдары алты жекпе-жек өткізді, ал жақында Дохадағы UFC турнирі кезінде өзін бағаламағандарды еске салды.



