Мазмұнға өту
2026 жылғы 24 қараша, сейсенбі

«Мен жаман анамын»: Асаубаеваның анасы қызының ойындарын көре алмайтынын айтты

Қызы Будапешттегі супертурнирде ойнап жатқанда Лиана Танжарикова қолынан телефонын тастамай, қаланы сағаттап аралаған.

Шахматистка Бибисара Асаубаева

Қазақстанның әйелдер шахмат құрамасының көшбасшысы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Танжарикова қызының ойындарын көре алмайтынын мойындады. Будапештте өткен Total Chess Pilot-2026 супертурнирі кезіндегі уайымымен ол инстаграмда бөлісті.

«Мен жаман анамын. Қызымның ойындарын көрмеймін. Күн сайын Сараны турнир залына дейін шығарып саламын, құшақтап, бірер жылы сөз айтамын да кетемін, өйткені оның ойындарын көре алмаймын. Физикалық тұрғыдан көре алмаймын», – деп жазды Танжарикова.

Оның орнына ол Будапешт көшелерін аралаған: көпірлер, Дунай жағалауы, ескі көшелер. «Ал телефон үнемі қолымда. Трансляцияны ашамын да, бірден жабамын. Қайта ашамын. Спортшылардың аналары мені түсінеді. Ешқандай көмектесе алмайсың, тек оның жеңетініне сене аласың. Ал кешке ол залдан шығады, мен қайтадан тыныс аламын», – деді шахматшының анасы. Жазбасын ол Будапешттегі ең әдемі нәрсе – өз қызы деген сөзбен аяқтады.

Total Chess World Championship Tour Pilot-2026 тәжірибелік турнирінде Асаубаева 24 қатысушының ішінде 20-орын алды. Жарыс барысында ол 16-әлем чемпионы Магнус Карлсенмен екі күндік матч өткізіп, классикалық шахматтан ФИДЕ әлемдік рейтингінің бесінші орнына көтерілді.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз