Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев TikTok-ты «адамның миын, әсіресе жас адамның миын өлтіретін қорқынышты нәрсе» деп атады. Ол бұл сөзді 26 қарашада Мәскеуде жасанды интеллект бойынша халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарымен кездесуде айтты. Кездесуді ол Ресей Президенті Владимир Путинмен бірге өткізді. Тоқаевтың сөзі Кремль жариялаған кездесу стенограммасында келтірілген.
Тоқаев Санкт-Петербургтен келген 17 жастағы Артём Гороховтың сөзіне жауап берді. Артём – 2026 жылғы Жасанды интеллект жөніндегі халықаралық олимпиаданың абсолютті жеңімпазы. Оқушы ЖИ ірі қалалар мен шағын ауыл тұрғындарының мүмкіндіктерін теңестіре алатынын айтты. «Қазір бәрі смартфон пайдаланады, бірақ неге екені, оны тек қоңырау шалуға, хат алмасуға, қандай да бір фильмдер мен TikTok көруге ғана арналған деп ойлайды. TikTok – адамның миын, әсіресе жас адамның миын өлтіретін қорқынышты нәрсе. Ал смартфонды тиісінше әрі шебер пайдаланса, сол жерде интернет жұмыс істесе, шартты түрде айтқанда, қыстақта немесе ауылда отырып-ақ ақша табуға болады ғой», – деді Президент.
Мұндай тәсілді Тоқаев «халықтық цифрлық экономика» деп атады. «Тек адамдарды үйрету керек, сонда олар үкіметтің еркіне тәуелді емес, заңды жолмен өздеріне ақша табатын әбден қабілетті адамдарға айналады», – деді ол. Президенттің айтуынша, қала мен ауылды теңестіру туралы ол жақында Жолдауында да айтқан: «бізге ауыл тұрғындарын интернетті игілікке пайдалануға үйрету керек».
Бұл – шешім емес, Президенттің бағасы: кездесуде Қазақстанда TikTok-қа қарсы шаралар туралы сөз болған жоқ. Тоқаев негізгі ойды басқаша тұжырымдады – ауыл тұрғындарын интернет бар жерде смартфон арқылы табыс табуға үйрету қажет.
Президент цифрландыру мен жасанды интеллектіні өзі үшін «басым стратегиялық міндет» деп атады. Оның айтуынша, ЖИ-дің дамуы – «қайтымсыз процесс, оны енді ешкім тоқтата алмайды».
Сонымен бірге Тоқаев технологияның екінші жағы туралы ескертті. «Айтпақшы, жасанды интеллектінің және жалпы алғанда когнитивтік машиналардың қаупі – олар адамдарды есте сақтау дағдысынан айыруы мүмкін», – деді ол. Президент жастарды оқуға шақырып, ChatGPT «Соғыс және бейбітшілік» романын 25 бетке қысқартып берген тәжірибе туралы айтты. «Бұл енді, мен айтар едім, қауіпті жеңілдету. Бәрібір оқу керек», – деді Тоқаев. Ол Астана мен Алматыда жақында тәулік бойы жұмыс істейтін президенттік кітапханалар ашылатынын қосты.
Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістаннан келген жас таланттар қатысты. Қарағандылық оқушы, роботты техникадан Азия чемпионы Әмина Бажикеева президенттерге ЖИ арқылы жұмыс істейтін жасанды жүрек жасауды армандайтынын айтты, деп хабарлады Ақорда.
Ақорданың баспасөз қызметі «халықтық цифрлық экономика» туралы жауаптың бейнежазбасын Telegram-да жариялады:
Кездесу Сбер өткізетін AI Journey 2026 жасанды интеллект конференциясы аясында өтті. Сол күні Тоқаев конференцияның пленарлық отырысында сөз сөйлеп, технологияны Ресеймен серіктестіктің басты бағыты деп атады, ал конференция алдында президенттер Қазақстанның ЖИ саласындағы әзірлемелерімен танысты.



