Мазмұнға өту

Құрылтай балаларға әлеуметтік желі тыйымын бірінші оқылымда мақұлдады

Адамның фотосуретін келісімінсіз жариялаған азаматтарға 30 АЕК, ал құқыққа қайшы контентті жоймаған платформаларға 400 АЕК-ке дейін айыппұл салу ұсынылады.

Министр культуры и информации Арман Кырыкбаев выступает в Курултае
Фото: primeminister.kz

Құрылтай депутаттары 18 қарашада онлайн-платформалар мен масс-медиа туралы заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Басты норма балаларға қатысты: 16 жасқа толмағандарға онлайн-платформаларда тіркелуге тыйым салынады. Жеке хат алмасуға арналған мессенджерлерге бұл шектеу қолданылмайды. Құжаттарды мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев таныстырды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Онлайн-платформалар Қазақстанда өкілдігін тіркеуге міндетті болады, ал құқыққа қайшы контентті жою туралы нұсқаманы орындамаса, жауапқа тартылады. Аудиовизуалды платформалар арқылы теле- және радиоарналарды таратуға лицензия енгізіледі, ал онлайн-кинотеатрлар елде заңды өкілін белгілеуге тиіс.

БАҚ үшін де жаңа талаптар пайда болады. Мемлекеттік органдардың ресми жауаптары таңбаланады, ал теріске шығару ақпарат шыққан дереккөзде жарияланады. Интернетте жала жапқаны және БАҚ пен онлайн-платформаларда балағат сөз айтқаны үшін жауапкершілік енгізіледі. Адамдардың бейнесін пайдалану ережелері де нақтыланады.

Заң жобасында мынадай айыппұлдар ұсынылған (2026 жылы 1 АЕК — 4 325 теңге):

  • адамның фотосуретін келісімінсіз жариялағаны үшін — азаматтарға 30 АЕК (129 750 теңге), ұйымдарға 60-тан 200 АЕК-ке дейін;
  • құқыққа қайшы контентті немесе балаға қатысты кибербуллингті жоймаған платформаларға — бизнестің көлеміне қарай 50, 100 немесе 200 АЕК, бір жыл ішінде қайталанса — 100, 200 немесе 400 АЕК;
  • аудиториясы 5 мыңнан асатын анонимді пайдаланушылар туралы мәлімет бермеген платформаларға — ескерту немесе 20 АЕК, қайталанса — 40 АЕК.

«Біздің міндетіміз – мемлекеттің ірі онлайн-платформалармен өзара іс-қимылының пәрменді тетігін қалыптастыру, мұнда заңнаманы сақтау сөз жүзіндегі талап емес, олардың ел аумағындағы қызметінің міндетті шарты болады», — деді Арман Қырықбаев. Талқылау кезінде депутаттар электрондық күнделіктер мен білім беру платформаларын тыйымнан шығаруды ұсынды. Министр бұл ұсынысты қолдады, түзетулер екінші оқылымға дейін ескерілуі мүмкін.

Заң әлі қабылданған жоқ: оны келесі оқылымдарда қарайды, кейін құжатқа Президент қол қоюы керек. Заң қабылданып, жарияланса, ресми жарияланған күннен кейін 60 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.

Балаларға әлеуметтік желіге тыйым салуды Үкімет жазда ұсынған. Қасым-Жомарт Тоқаев 28 тамызда Құрылтайдың бірінші сессиясын ашқанда бастаманы қолдап, оның тетігін мұқият пысықтау қажет екенін ескертті. 13 қарашада Құрылтай Бюросы заң жобасын күн тәртібіне енгізді. Бұдан бөлек депутаттар балалардың цифрлық қауіпсіздігі туралы заң әзірлеп жатыр.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз