Мазмұнға өту

Электр велосипед техбайқауы: ІІМ айыппұл салынбағанын айтты

Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің айтуынша, мұндай бұзушылық анықталса, полицейлер айыппұл салудың орнына көлік иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізеді.

Курьер с сумкой для доставки едет на велосипеде по городу
Фото: Pexels

Қазақстанда 2026 жылы электр велосипеді мен мопед иелеріне техникалық байқаудан өтпегені үшін айыппұл салынбаған, көліктері айып тұрағына әкетілмеген. Ішкі істер министрлігі курьерлерге қатысты депутаттық сауалға осылай жауап берді. Депутаттың айтуынша, курьерлер өтетін жері жоқ байқау үшін жазаланып жүр. Министр Ержан Саденов қол қойған жауап 27 қарашада Құрылтай сайтында жарияланды.

«Бұл ретте ағымдағы жылы аталған көлік құралдарының иелері техникалық қарап тексеруден өтпегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған жоқ, тиісінше КҚ мамандандырылған тұрақтарға енгізілген жоқ», — делінген министрдің хатында. Саденовтің айтуынша, мұндай фактілер анықталған жағдайда қызметкерлер профилактикалық әңгімелесу жүргізуге бағдарланған.

Қазір ішкі істер органдарының есебінде 54 мың мопед пен 7 мың электр велосипеді тіркелген. Жауапта бұдан өзге дерек те, шешім де жоқ: жеңіл электр көлікті техникалық байқаудан өткізу әдістемесі туралы да, оны қайдан өтуге болатыны туралы да ІІМ ештеңе жазбаған.

Курьерлер мен электр велосипеді, мопед иелері үшін бұл қазір техбайқаудың жоқтығы үшін полиция тек әңгімемен шектелетінін білдіреді. Алайда техникалық байқаудан өту міндеті жойылған жоқ, ал ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша 5-тен 20 АЕК-ке дейін, яғни 2026 жылы 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін айыппұл заңда әлі де бар.

Ішкі істер және көлік министрлеріне сауалды 19 қарашада Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов жолдаған. Ол байқау станциялары жеңіл электр көлікті тексере алмаса да, курьерлерге техбайқаудың жоқтығы үшін айыппұл салынып жатқанын айтып, мұндай тексеруден өту мүмкін болғанша жүргізушілерді жазаламауды және көлікті алып кетпеуді сұраған. Оның ұсыныстары туралы бұрын толық жазғанбыз. Көлік министрлігінің жауабы Құрылтай сайтында әзірге жоқ.

Қазақстанда 2025 жылғы қаңтардан бастап мопедпен, соның ішінде электр мопедпен, нөмірсіз, сақтандырусыз және техникалық байқаусыз жүруге тыйым салынған. 2026 жылғы тамызда бұл талаптар электр велосипедтерге де қолданыла бастады, ал 20 қарашадан бастап қозғалтқышы бар электр велосипедті тек жүргізуші куәлігі бар адам басқара алады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз