Электр велосипед пен электр мопед мінген курьерлер техникалық байқаудан өтпегені үшін айыппұл төлеп жүр, алайда одан іс жүзінде өту мүмкін емес. Құрылтай депутаты Асхат Рахимжанов осы мәселе бойынша көлік министрі мен ІІМ басшысына сауал жолдады, деп хабарлайды Kolesa.kz. Депутаттың айтуынша, курьерлік компаниялар көліктерін тіркеп, сақтандырған, бірақ техникалық байқаудан өте алмай отыр, ал полиция бұл үшін айыппұл салып, электр көлікті арнайы тұраққа жібереді.
Мәселе жабдыққа тіреліп тұр. Қазақстанда 3 мыңға жуық диагностикалық желі бар, бірақ олардың бәрі іштен жану қозғалтқышы бар автокөлік пен мототехникаға арналған. Жеңіл электр көлікке арналған әдістеме мен норматив жоқ, сондықтан техникалық байқау туралы куәлікті іс жүзінде алу мүмкін емес. Оның үстіне куәлікті әр алты ай сайын жаңартып отыру керек.
Электр велосипед пен электр мопед иелері үшін бұл ӘҚБтК-нің 590-бабы бойынша техникалық байқаудың жоқтығы үшін 21 625 теңгеден 86 500 теңгеге дейін, яғни 5-тен 20 АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін деген сөз. Көлік алып кетілсе, арнайы тұраққа да ақы төлеуге тура келеді. Курьерлер үшін бұл — үлкен ақша. «Толық емес жұмыспен қамтылған жағдайда олардың табысы айына шамамен 90–100 мың теңгені құрайды», — деді Рахимжанов. Оның есебінше, бір айыппұл осы табыстың төрттен біріне жуығын алады, ал қайталап салынған айыппұл бір айлық табысқа тең дерлік.
Депутат жеңіл электр көлікке техникалық байқау жүргізу әдістемесін бекітіп, оны өңірлерде қолжетімді етуді ұсынады. Оған дейін ол техникалық жағдайды сервис орталығының қорытындысы немесе иесінің декларациясы бойынша уақытша мойындауды не мұндай көлікті техникалық байқаудан мүлде босатуды сұрап отыр. Тағы бір ұсыныс — байқаудың мерзімділігін қайта қарау. Рахимжановтың пікірінше, техникалық байқаудан өту мүмкіндігі пайда болғанша полиция электр көлікке айыппұл салмауы әрі оны ұстамауы керек, ал шығарылып қойған қаулыларды қайта қарап, көлікті тұрақ ақысын алмай иелеріне қайтару қажет.
Көлік министрлігі мен ІІМ сауалға әзірге ресми жауап берген жоқ.
Қазақстанда 2025 жылғы қаңтардан бастап мопедпен, соның ішінде электр мопедпен, нөмірсіз, сақтандырусыз және техникалық байқаусыз жүруге тыйым салынған. 2026 жылғы тамызда бұл талаптар электр велосипедтерге де қолданыла бастады, ал 20 қарашадан бастап Жол жүрісі қағидаларына енгізілген түзетулер күшіне енеді: оларға сәйкес қозғалтқышы бар электр велосипедті тек жүргізуші куәлігі бар адам басқара алады. «Курьерлік жеткізу он мыңдаған қазақстандықты табыспен қамтамасыз етеді», — деп атап өтті депутат.



