Павлодар облысындағы қазақстан-ресей шекарасындағы «Урлитобе» автомобиль өткізу пункті қайта жаңартудан кейін тәулігіне қазіргі 500 көліктің орнына кемінде 1 000 көлік өткізетін болады. Жұмысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған, деп Павлодар облысы әкімдігіне сілтеме жасап хабарлайды Kazinform.
Шекарадан жиі өтетіндер үшін ең бастысы — бақылауға кететін уақыт қысқарады. Адамдарды өткізу қабілеті тәулігіне 1 000-нан 3 000 адамға дейін артады. Пунктте инфрақұрылым жаңартылып, заманауи жабдық орнатылады, шекаралық және кедендік бақылауға цифрлық шешімдер енгізіледі. Бұл тексеруден өту уақытын қысқартып, тасымалдаушылардың логистикалық шығынын азайтады деп күтілуде.
Жоба 2026–2027 жылдарға есептелген. Қазір нысанда 34 адам жұмыс істеп, тоғыз арнайы техника қолданылып жатыр. Аумақ тегістеліп, кірме жолдар салынды. Құрылысшылар ангар, жатақхана, гараж, мемлекеттік кірістер департаменті, фитосанитариялық және ветеринариялық бақылау ғимараттарының іргетасын қалап жатыр, әкімшілік ғимаратта бағаналар мен арқалықтар орнатылып, инженерлік желілер тартылуда.
Облыс әкімі Асаин Байханов Президенттің тапсырмасын еске салды. «Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы 2027 жылдың соңына дейін автомобиль өткізу пункттерін жаңартуды аяқтап, елдің транзиттік әлеуетін тежейтін инфрақұрылымдық шектеулерді жою міндетін қойды. Бұл Қазақстан экономикасы үшін аса маңызды мәселе. Шекаралық инфрақұрылым халықаралық тасымалдың өсіп келе жатқан қажеттіліктеріне сай болып, жүктердің жылдам қозғалысын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан «Урлитобе» өткізу пунктін қайта жаңартуды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүргізу қажет», — деді ол.
Павлодар облысында Ресеймен шекарадағы тағы екі автомобиль өткізу пункті — «Қосақ» пен «Шарбақты» жаңғыртылып жатыр. Олардың біріншісіндегі жұмысты 2026 жылғы желтоқсанда аяқтау жоспарланған.



