Мазмұнға өту

Бас прокуратура мәслихат сайлауы алдында 13 заң бұзушылық анықтады

Оның жетеуі тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізуге қатысты, ал 28 қарашада сағат 00:00-ден бастап дауыс беру аяқталғанша кез келген үгітке тыйым салынады.

Прозрачная избирательная урна на участке в Казахстане
Фото: Wikimedia Commons

Бас прокуратура 29 қарашада өтетін барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы барысында сайлау заңнамасын бұзудың 13 дерегін анықтады. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізумен байланысты. Кінәлілердің барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Е. Өтегенов мәлімдеді.

Сайлау алдындағы үгіт 28 қарашада жергілікті уақыт бойынша сағат 00:00-де аяқталады. Сенбі, 28 қарашада және дауыс беру күні, 29 қарашада кез келген үгітке тыйым салынған. Сайлау комиссиялары мен учаскелердің үй-жайларынан тыс бұрын ілінген баспа материалдарын алып тастау міндетті емес, интернетте жарияланған үгіт материалдарын да өшірмеуге болады. Алайда бұрынғы үгіт материалдарын сайттардың басты бетіне шығаруға рұқсат жоқ. Сайлау күні толтырылған бюллетеньді суретке не бейнеге түсіріп, таратуға да тыйым салынады.

Тыйым салынған кезеңде үгіт жүргізгені үшін ӘҚБтК-нің 102-бабы бойынша айыппұл қарастырылған: жеке тұлғаларға – 15 АЕК, шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК, орта бизнеске – 25 АЕК, ірі бизнеске – 35 АЕК.

Сауалнамаларға қатысты да жеке тыйым бар. Дауыс беруге бес күн қалғанда және сайлау күні БАҚ пен онлайн-платформалар қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысының болжамдарын және сайлауға байланысты өзге зерттеулерді жариялай алмайды. Сайлау күні дауыс беретін үй-жайда немесе пунктте сайлаушылардан сауалнама алуға да болмайды. Бұл талапты бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 120-бабының 2-бөлігі бойынша азаматтарға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК айыппұл салынады.

Прокуратура бейбіт жиналыс өткізу тәртібін де еске салды: жиналыс, митинг және пикет өткізетін болса, билікке алдын ала хабарлау керек, ал демонстрация мен шеруді келісіп алу қажет. Тәртіпті бұзғаны үшін ӘҚБтК-нің 488-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Егер бұл азаматтардың, ұйымдардың немесе мемлекеттің құқықтарына елеулі зиян келтірсе, ҚК-нің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындайды. Жалған ақпарат таратқаны үшін ҚК-нің 274-бабы мен ӘҚБтК-нің 456-2-бабы қарастырылған.

Сайлау қорытындысы 3 желтоқсаннан кешіктірілмей шығарылады.

БөлісуTelegramWhatsAppVKFacebookX

Сондай-ақ оқыңыз